Израиль Газа қаласын басып алу операциясын бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Израиль күштері Газа секторында / фото:  REUTERS/Amir Cohen
Израиль күштері Газа секторында / фото:  REUTERS/Amir Cohen

Израиль әскерилері сәрсенбі күні Газа қаласын басып алу операциясының алғашқы қадамына кіріскенін жариялады. Бұған қоса, ЦАХАЛ резервтегі ондаған мың жауынгерді шақыртты. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

«Біз алдын ала операцияны бастадық. Газа қаласына алғашқы шабуыл жасалды. Қазір ЦАХАЛ күштері Газа қаласының шеткі аудандарын ұстап тұр», – деп мәлімдеді Израиль қарулы күштерінің өкілі генерал Эффи Дефрин.

Агенттік мәліметінше, Израиль әскері сәрсенбі күні Палестина анклавында ХАМАС содырларымен қақтығысты. Содан кейін премьер-министр Биньямин Нетаньяху үкіметі ХАМАС бекіністерін жаулап алу ісін жылдамдатқан.

Халықаралық сынның күшейгеніне қарамастан, Тель-Авив Израиль Газа орталығын басып алу жоспарын жалғастыра береді, деп жазды Reuters. Соның салдарынан одан да көп палестиналық босқынға ұшырайды.

Газа қаласының шетіндегі танк / фото: REUTERS/Amir Cohen
Газа қаласының шетіндегі танк / фото: REUTERS/Amir Cohen

Сонымен бірге, Израиль армиясы сәрсенбі күні резервтегі он мың жауынгерді шақыртты. Алдын олар ұрысқа қыркүйекте қатысады деп жоспарланған еді.

CNN мәліметінше, Израильдің тұрақты армиясы аса үлкен емес. Ел тарихындағы ең ұзақ соғысты жүргізу үшін армия резервтегі күштерге иек артады. Телеарна әскерге шақырту алған он мың адамның қаншауы ұрысқа араласатыны белгісіз деп жазды. Өйткені Тель-Авив осыған қатысты мәлімет беруге құлықсыз.

Нетаньяху тамыз айында секторды басып алу жоспарын бекіткен. Қазір Израиль күштері осы өңірдің шамамен 75%-на бақылау орнатқан.

Газадағы соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталды. Сол күні ХАМАС бастаған содырлар Израильдің оңтүстік аудандарына шабуылдап, шамамен 1200 адамды өлтірген. Тағы 251 адамды кепілге алған.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, содан бері Израиль шабуылдарынан 62 мыңнан аса палестиналық қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз