
Қырғызстанның Ош қаласында Қазақстан бас консулдығы ресми түрде ашылды. Дипломатиялық мекеме президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елге ресми сапары қарсаңында ашылып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлайды.
«Қазақстан мен Қырғызстан – көршілер ғана емес, ортақ құндылықтар мен Орталық Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуге ұмтылыс біріктірген ең жақын серіктестер және одақтастар», – деді сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев.
Ол Қырғызстанның екінші ірі қаласында консулдықтың ашылуын екі ел арасындағы бауырластықты айғақтайтын ерекше маңызды оқиға деп сипаттады.
Қырғыз вице-министрі Асеин Исаев мұндай қадам ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, кеңейтуге жаңа серпін береді деді.
Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев, ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай, қаладағы көшелердің біріне оның есімі берілетінін айтты.
Қазақстан Бас консулдығының консулдық округіне Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстары кіреді. Аталған өңірлерде Қазақстанның шамамен 3 мыңға жуық азаматы тұрады.
Ош қаласы – Қырғызстанның оңтүстік өңірінде әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретінде маңызды рөл атқаратын елдің екінші ірі қаласы. Шаһарда 500 мыңға жуық адам тұрады.