Қазақстанның тағы бір өңірінде 5%-дық ипотека іске қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
«Алатау» ипотекасына спортшылар да қатыса алады / Фото: kursiv.media архиві

25 тамыздан бастап Алматы облысында «Алатау» ипотекалық бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталады. Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері және спортшылар қатыса алады.

«Алатау» ипотекалық бағдарламасы әлеуметтік санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама жас мамандардың өңірде тұрақтап, еңбек етуіне және спорт саласының дамуына серпін беруді көздейді.

Бағдарлама шарттары

  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 30 млн теңгеге дейін;
  • Бастапқы жарна – 10%-дан бастап;
  • Жылдық мөлшерлеме – 5%.

Бағдарламаға жалпы 3,7 млрд теңге бөлінген, оның 3,1 миллиарды – облыс бюджетінен, ал 629 млн Отбасы банкі есебінен. Бөлінген қаржы есебінен 120-дан астам адам баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Кімдер қатыса алады

Бағдарламаға 18–60 жас аралығындағы, өз атында үйі жоқ ҚР азаматтары қатыса алады.Нақтырақ айтсақ:

  • еңбек өтілі 2 жылдан асқан және зейнетақы аударымдары бар мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет саласының мамандары;
  • халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерін қоса алғанда, спортшылар.

Үміткерлер балдық жүйе бойынша іріктеледі яғни, отбасылық жағдайы, балалары, еңбек өтілі және басқа да факторлар есепке алынады.

Қазіргі таңда онлайн өтініш беру қарастырылмаған, өтініштер қағаз түрінде мына мекенжайда қабылданады: Қонаев қаласы, Қонаев көшесі, 7/1, Отбасы банк ғимараты, 1-қабат.

Еске салсақ Ұлытау облысында жылдық 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен ипотекаға өтінім қабылданып жатыр. Бағдарлама Сәтбаев қаласында тұратын жұмысшы мамандарға арналған.  

Айта кетейік кейбір банктер жылдық 1% немесе одан да төмен мөлшерлемемен ипотека ұсынады. Бірақ бұл тек құрылыс компанияларымен бірлескен арнайы серіктестік бағдарламалар аясында жүзеге асады. 

Сондай-ақ оқыңыз