
Таиландтың Туризм және спорт министрлігі алдағы үш ай ішінде ел аумағында туризмді дамыту мақсатында 200 мың шетелдік туристке ішкі рейстерге тегін билет таратуды жоспарлап отыр.
Bangkok Post басылымның хабарлауынша, министрлік бұл арқылы ел ішіндегі қосалқы әуе бағыттарын дамытуды к-здепе отыр.
Яғни, халықаралық рейске билеті бар шетел азаматтары Тайландтағы алты әуе компаниясының (Thai Airways, Thai AirAsia, Bangkok Airways, Nok Air, Thai Lion Air және Thai Vietjet) бірінің рейсімен ішкі бағытта барып-қайтуға арналған тегін билетті және 20 келіге дейінгі жүк тасымалдау мүмкіндігін ала алады.
Туристерге тегін билеттер беру үшін 700 млн бат қажет
Халықаралық рейстерді тікелей әуекомпанияларынан немесе онлайн туристік агенттерден брондаған туристерге тегін билеттер ұсынылады. Бұл ұсынысты Таиландтың Туризм министрлігі келесі аптада Министрлер кабинетіне қарап, бекітпекші. Ведомство бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 700 млн бат сұраған.
Министрліктің есебінше, егер жоба мақұлданса, ел экономикасына 8,8 млрд бат көлемінде қосымша табыс түседі.
Бағдарлама 2025 жылдың қыркүйек пен қараша айлары аралығында жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік субсидия әр турист үшін бір бағытқа – 1750 батты, ал барып-қайту билеті үшін – 3500 батты құрайды.
Айта кетейік Тайланд билігі шетелдік туристерге криптовалютаны пайдалану мүмкіндігін бермекші. Енді ол елге барған туристер криптовалютаны тай баттарына айырбастай алады.