Қырғызстанда жұбайының қабірінің жанынан орын дайындап қоюға рұқсат берілді

Қырғызстанда жесір әйелдер мен ерлерге жұбайларының қабірінің жанына жерлеу үшін алдын ала орын дайындауға рұқсат етілді. Министрлер кабинеті осыған қатысты қаулыны қабылдады.
Қаулы артық бюрократияны жою, дәстүрді сақтау және зираттарды басқару ісіне тәртіп енгізу мақсатында әзірленген.
Ережесі
Өтінішті мемлекеттік қызметтер порталы арқылы беруге болады. Егер жүйе некеге тұру және жұбайының қайтыс болғаны жөніндегі мәліметтерді автоматты түрде шығармаса, қажетті құжаттарды қолмен жүктеу керек.
Қызмет құны өңірге байланысты: ауылдарда 500 сом, Бішкек пен Ошта 1 мың сом. Қосымша абаттандыру мен көгалдандыру үшін ақы алынуы мүмкін. Орын 10 жылға броньдалады, кейін оны ұзартуға болады.
Егер жұбайының қасынан бос жер табылмаса немесе құжаттар дұрыс рәсімделмесе, қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін. Ал броньдау арқылы түсетін қаражат зираттарды күтіп-ұстауға бағытталады.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шешім азаматтар үшін рәсімдерді жеңілдетіп қана қоймай, адамдарға қайтыс болғаннан кейін де отбасы бірлігін сақтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Президент Садыр Жапаров қырғызстандықтарды зиратқа ескерткіш тас орнатпауға шақырған болатын. Ол бұл дәстүрді орынсыз әрі артық шығындалу деп есептейді. Әрі Қырғызстанда тірі адамдарға орын көбірек қажет болатынын айтқан.