
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев жол ережесін бұзды. Шымкенттегі аэрапортқа алып баратын Бақбаев көшесінде Lexus LX 570 маркалы көлікпен жол жүру ережесін бұзып тұрған видеосы тарады. Қалалық полиция департаментінің Курсивке хабарлауынша, оқиға бүгін болған.
Желіде тараған бейнежазбада көлік қарсы бағыттағы жолға шығып, жол үстінде баланы көліктен түсіргені, оны түсіріп тұрған адаммен сөйлесу үшін көлігімен артқа жүргенін байқауға болады. Видеода көлік жүргізушісі кеудесіне депутат төсбелгісін тағып алғаны көрінеді.
Тексеру нәтижесінде жүргізушінің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 6 бабын бабын бұзғаны анықталған. Атап айтқанда, жалған тіркеу нөмірлері бар көлік құралын басқару, қарсы жолақпен қозғалыс, міндетті сақтандырудың болмауы, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, тыйым салынған орындарда кері жүру, сондай-ақ қозғалыс алдындағы сигнал беру талабын орындамау. Құқық бұзушының көлігі айыппұл тұрағына қойылған.
«Жүргізушімен мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді», – делінген полиция хабарламасында.
Департамент Курсивке полиция істі сотқа өткізуге құжаттар әзірлеп жатқанын, оған жазаны сот беретінін айтты.
«Заң мен тәртіп қағидасымен жүруіміз керек. Қандай азамат болсын депутат мандатын иеленген болсын немесе партия мүшесі болсын бәрі заң алдында тең. Депутат мандаты ешқандай жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан бұл мәселеге байланысты құқық қорғау органдары құқықбұзушылық жасаған тұлғаға қатысты құқықтық баға береді деген ойдамыз», – деді «Аманат» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Еркін Бабаев.
Ашық дереккөздерге қарағанда, Ерғали Аманбаев – «Қарабатыр агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты.