Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім 25 күнге қамалды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мұғалім Ураз Хаиитжановты оқушыны ұрып-соққаны үшін 25 күнге қамады.
Қалалық соттың дерегінше, іс Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабымен (109-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағымен – ред.) қаралған. Яғни, мұғалім оқушыны ұрып-соғып, тән ауруын салған. Бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтірмеген.
Оқиға наурыз айында болған. Мектеп-лицейде мұғалім сабақ өткізіп жатқанда оқушы есікті қатты қаққанына ашуланып, таяқтың астына алған. Бұл мектеп камерасына жазылып қалған.
Сотталушы тағылған айыпты мойындап, кешірім сұраған. Ал жәбірленуші тарап кешірім бермеген. Олар соттан қатаң жаза тағайындауды сұраған.
«Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді. Іс бойынша оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады», – делінген сот хабарламасында.
Сот кабинеті жүйесіне қарағанда үкі 12 тамыз күні шыққан. Жәбірленуші ретінде оқушының ата-анасы танылған. Іс жариялауға жатпайтын істер санатына кіргізілген.