Жаңалықтар

Мақтааралдағы секс-құлдық: “45 жастағы еркек 8 ай бойы зорлап, өзгелерге сатып келді”

Мақтааралдағы секс-құлдық: «45 жастағы еркек 8 ай бойы зорлап, өзгелерге сатып келді»
Мақтааралдағы секс-құлдық: «45 жастағы еркек 8 ай бойы зорлап, өзгелерге сатып келді»/Фото: KursivMedia

Заңгер Инга Иманбай мен блогер Жан Ахмадиев Түркістан облысы Мақтаарал ауданынынан келген қыздың 17 жасында басынан кешкенін баяндап, қоғамдық резонанс арқылы әділдікке жеткісі келетінін мәлімдеді. Айтуынша, аталған фактіге қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін баптар бойынша істер қозғалуға тиіс.

Оқиғаның мән-жайы

«Машина айдауды үйретемін»

Бойжеткеннің айтуынша, 2024 жылғы тамыздың соңында Жетісай қаласынан Мақтаарал ауылына қайтарда таксист болып істейтін көршісі әрі алыс туысы болып келетін 45 жастағы ер адамның көлігіне отырады. Жолда машина жүргізу туралы әңгіме қозғалып, ер адам күніне 2 мың теңгеге машина айдауды үйрете алатынын айтады. 

«Туыс, бір ауылдың адамы болған соң ол кісіге сендім. Сосын ол кісі менің телефонымды алып, өзі хабарласатынын айтты. Сен қоңырау шалма, әйелім дұрыс түсінбей қалып жүрер деді. Ертесі “кешке қолым бос, сен бос босаң көлік жүргізуді үйретемін» деп айтты. Содан соң мен кешкі 8 шамасында шықтым. Сол күні Мырзакент деген ауылға апарып үйретіп, түнгі 10-нан өте әкеп тастады. Екінші күні де тағы өзі звондап, бос екенін айтты, мен шықтым”, – дейді ол.

«Саған тиіспеймін, ондай ойым жоқ»

Екінші күні қайтар жолда ер адам «бір кісіден ақша алуым керек» деп егістік алқабына апарып, сол жерде көлігінде ойын іске асырған.

«Мен түсіп қалайын деп едім, ол жолдың ортасы, ол жақта көп адамдар бар, дұрыс түсінбей қалады деп айтты. Кейін саған тиіспеймін, ондай ойым жоқ, бір ауылдың қызысың, қорықпа деп айтты. Мен оған сеніп отырдым. Бір кезде поляның бас жағына бардық. Біреуге звондап, соны күтіп тұрғанын айтты. Ол адам келмеді. Бір кезде көліктің артына, жаныма отырып алды. Мен машинадан шығуға талпынғанымда шашымнан тартып, қайта кіргізіп, төрт есігін де құлыптап, ұрып-соғып арам ойын іске асырды. Мені видеоға түсіріп алып, “біреуге айтатын болсаң, сені өлтіріп тастаймын, сені өлтіру маған жұмыс емес, оның үстіне мына видеоларың бар» деп қорқытты. Мен бұл жайтты ешкімге айта алмадым. Кейін үйге әкеп тастады”, – дейді қыстығып әрең сөйлеген жәбірленуші.

Жәбірленуші ауылдасы осыдан кейін бопсалап зорлауды әдетке айналдырғанын, бір айдан кейін өзгелерге сатуды шығарғанын айтады.

«Өзінің жерін жыртқан трактористерге, мақтасын тасыған камазистерге мені сата бастады. Мен ол кісілерге де жалынып, жіберуін сұрайтынмын. Олар 1мен сені сатып алғанмын, мен не айтсам, соны істейсің1 деп айтатын. Мен олардан да қысым көрдім», – дейді бойжеткен.

Жәбірленуші осындай қорлық 8 айға жалғасқанын, әбден қажығандықан соңында ер адам шақырғанда шықпай қойғанын жеткізді. Сол кезде ер адам кезінде өзі түсірген қыздың жалаңаш видеоларын мессенджер арқылы ауыл адамдарына таратып жіберген. Қыздың отбасы болған оқиға туралы тараған видеодан біліп, полицияға арызданған.

Қозғалған іс

Заңгер Инга Иманбай аталған оқиғаға қатысты полиция қылмыстық кодекстің 147-бабы (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты бұзу) бойынша ғана іс қозғалғанын, бұл фактіде қылмыстық кодекстің 7-8 бабы бойынша қылмыстық құрам бар екенін айтады.

«Заңдық тұрғыдан талдауға келетін болсақ, бұл жерде 120-бап – зорлау, , 121-бап – сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті, 123-бап – кәмелетке толмағанды азғырып, жыныстық қатынасқа тарту, 134 – кәмелетке толмағанды азғындық жолға түсіру, 125-бап – адамды сатып алу, сату, пайдалану мақсатында бостандығынан айыру, 194-бап – бопсалау, 147-бап – жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу, 146-бап – азаптау, 105-бап – өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу. Осы 9 баптың барлығы бойынша қылмыстық құрам бар. Осы баптарға сай, басты айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылуы керек. Ал жәбірленушінің еркіне қарсы ойын іске асырып, жәбірленушінің дәрменсіздігін пайдаланушылар 15-17 жылдан сотталуы керек», – дейді заңгер.

Оның айтуынша о баста зорлау фактісімен іс қозғалып, кейін «қылмыс құрамы жоқ» деп жабылып қалған. 147-бап бойынша айыпталған басты күдікті қамауға алынған. Ол аталған айып бойынша 3 жылға сотталуы немесе айыппұлмен бостандыққа шығып кетуі мүмкін.

Тергеу жүріп жатқанда қыз бала 4 мәрте өзіне қол жұмсауға тырысып, оны құтқарып қалған.

Фото: KursivMedia

Бізде жағымсыз тренд байқалып отыр

Инга Иманбай қылмысты ашу үшін «ешқандай сараптама жасалмаған» деп отыр. Ол «тергеушілер, қыздың адвокаттары сөз байланысып, қыздың пайдасына емес, айыпталушының пайдасына жұмыс істеген, бұл жерде жемқорлық құрамы болуы мүмкін деп» санайды.

«Өңірлерде бұрын тергеуші, сот, арнайы уәкіл болғандар отставкаға шыққаннан кейін адвокаттық лицензия алып, кезінде тергеуші, прокурор статусында жәбірленушілерге қалай менсінбей қараса, адвокат статусынада да солай менсінбей қарайды. Олар жәбірленушілердің қорғаушысы екенін ұмытып кетеді. Бұл жерде жемқорлық құрам бар екеніне сенімдімін. Тергеушілер де, прокурорлар да заң факультетін бітірген заңгерлер. Алматыда отырып мен көріп отырған қылмыс құрамын, олар көрмей отыр дейсіз бе. Олардың қылмыс құрамына көз жұмып отырғанының жалғыз себебі – жемқорлық. Осы уақытта істі тергеген, қадағалаушы прокурор болған, сотқа жіберген, сотта қараған, қабылдаған орган қызметкерінің бәрін жемқорлық құрамына тексеру керек», – дейді ол.

Заңгер Қазақстанда адам өмірінің осынша құнсыздануы мемлекетке сын екенін атап өтті.

«Бізде жағымсыз тренд байқалып отыр. Мәселеңді қоғам назарына ұсынып, жанайқайыңды осылай жеткізбесең, әділдікке жете алмайсың. Өкінішке қарай қоғам алдына шығу – ең тиімді әрі өтімді әдіс болып тұр”, – дейді ол.

Блогер Жан Ахмедиев айыпталушы ауылдың бұрынғы әкімдерінің бірі Хайдар Тугушевтің немересі екенін, ықпалды әулеттен шыққанын айтады. Әулеттің ықпалды екенін ауылға осы әкімнің есімі берілгенінен-ақ түсінуге болатынын атап өтті.

«Түркістан облысы жеке мемлекет сияқты. Ол жақта Ақсақалдар алқасы деген бар екен. Бұл кісілердің үйіне де кешірім сұрап ақсақалдар алқасы келген. Мектеп директоры келген. Олар “ұят болады, кешіре сал, өзіңе қиын болады» деп қоқын-лоқы жасаған”, – дейді блогер.

Заңгер Инга Иманбай жоғарыда атаған баптар бойынша жаңа істер ашып, іске қатысы барлардың кінәсін дәлелдеу үшін жәбірленуші жауабына психокриминалдық сараптама жүргізу, смс-тер мен қоңырау бойынша детализация деректерін алу жеткілікті екенін жеткізді. Енді осыған қол жеткізуге күш салмақ.

Заңгер бұған дейін осылайша қоғам назарына ұсынған кезекті ісі бойынша іс шығып, сотталушыға анағұрлым ауыр жаза тағайындалғанын мәлім еткен.