Көк базарды «Жасыл базар» деп аудару керек екенін айтқан қолданушы желіде сөзге қалды

Алматыдағы Көк базардың атын дұрыс аудармағанын айтып, дұрысы «Жасыл базар» болуы керек» деген пікір білдірген желі қолданушысына сын қарша борап жатыр.
Желіде тараған видеода қолданушы базар әкімшілігіне қайырылып, базар атын «Жазыл базар» деп жазып қоюға шақырады.
«Зеленый базардың» қазақшасы «Жасыл базар» болады. Көк пен жасылды айыра алмайсыңдар ма, дальтониксіңдер ме не түс айыра алмайтын», – дейді қолданушы видеосында.
Видео астына жазылған пікірлерде қолданушылар видео авторын түзетіп, базар өмір бойы «Көк» аталғанын атап өтіп, ақылсынбауға шақырады.
Қазақ көк шөп пен көкөніс, жеміс-жидекке қатысты «көк» сөзін қолданғанын айтып, негізінен көк шөп сатылатын «базар атауы осыдан шыққан» деп түсіндіріп жатқандар да бар.
Әлеуметтік желіде тіл тазалығын дәріптеп, тіл қолданысын түсіндіріп жүретін журналист Мөлдір Доспаева қазақ халқы өсімдік пен жеміс-жидекті «түсі жасыл болса да, көк» деп атағанын жеткізіп, көк атауы – жерге себілген дәннің көктеуіне, аспанға қарай бағыт алып өсуіне байланысты қалыптасқанын айтады. Журналистің сөзінше, «Көк базарды Жасыл базар» деп аудару – калька.
Бұған дейін, анасынан енді бала таппауды жалынып сұраған қыз бала желіде танымал болғанын жазғанбыз.