
Алматыда №7 қалалық клиникалық аурухананың ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылыс кезінде медициналық қызмет көлемі қысқармайды, науқастарға барлық көмек толық көрсетіледі. Алдағы күндері мердігер ұйым ғимарат аумағына қоршау орнатады.
Жоспарланған жұмыстар
Алматы қаласы Құрылыс басқармасының хабарлауынша, бірінші кезеңде аурухананың 11 блогының 5-ін қайта жаңарту жоспарланған. Жұмыстардың нормативтік мерзімі – 20 ай. Жөндеу барысында ота жасау бөлімі мен жансақтау залы уақытша көшіріліп, мекеменің штаттық құрамы өзгермейді.
Қайта жаңғырту қажеттілігі ғимараттың едәуір тозуымен байланысты:
- инженерлік желілердің 90%-ы,
- көтергіш конструкциялардың 60%-ы,
- қасбеттердің 70%-ы жарамсыз күйге жеткен.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі, желдету, гидрооқшаулау жүйелері мен жедел сатылар талаптарға сәйкес келмейді. Медициналық жабдықтардың да көп бөлігі ескірген.
Жобаның ерекшелігі
Жоба аясында ғимаратты сейсмикалық тұрғыдан нығайту, инженерлік коммуникацияларды толық ауыстыру, қасбетті жаңарту, жаңа қазандық орнату және трансформаторлық қосалқыларды ауыстыру көзделген.
Сонымен қатар аурухананың пайдалы аумағы 2,5 мың шаршы метрге ұлғайып, бөлімшелер функционалды түрде қайта бөлінеді. Мекеме заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады.
Жаңа формат
Қазіргі таңда бөлімдер әр блок пен қабатқа шашырап орналасқандықтан, логистика қиындық туғызуда. Жаңғыртудан кейін:
- бірінші қабат аурухананың фронт-офисіне айналады;
- әкімшілік пен амбулаториялық онкогематология бөлімшесіне бөлек кіреберістер қарастырылады;
- күту аймағы, тіркеу орны және клиникалық-диагностикалық орталық орналастырылады;
- қоймалар мен архив цоколь қабатқа көшіріледі.
Бұл шешім пациенттер мен дәрігерлер ағынының қиылыспауына мүмкіндік беріп, аурухана жұмысын анағұрлым ыңғайлы әрі түсінікті етеді.
«Құрылыс жұмыстарына байланысты уақытша қолайсыздықтарға қала тұрғындарының түсіністікпен қарауын сұраймыз. Жоба аяқталған соң қалаға заманауи талаптарға сай жаңа аурухана ғимараты ұсынылады», – деп атап өтті Құрылыс басқармасы.