Жаңалықтар

Педагогтерді аттестаттау алғаш рет толықтай онлайн форматта өтеді

Педагогтерді аттестаттау толықтай онлайн форматта өтеді / фото: gov.kz

2024–2025 оқу жылында Қазақстанда педагогтерді аттестаттау процесі алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта жүргізіліп отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Жүйе мұғалімдер туралы мәліметтерді бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алады. Мұнда педагогтің қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен кәсіби жетістіктері бір орталықтандырылған жүйеге жинақталған. Бұл тәсіл қағазбастылықты жойып, аттестаттау процесінің әділ әрі ашық өтуіне жол ашты.

Мұғалімнің педагогикалық шеберлігін бақылаушы мамандар арнайы парақтар толтырып, нәтижелерін педагогтің жеке профиліне жүктейді. Сабақ қорытындысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталып, әділ бағаланады. Ал білім сапасы мен кәсіби белсенділікке қатысты деректер әзірге арнайы модуль арқылы қолмен енгізілуде.

Бүгінде платформада мектепке дейінгі, жалпы орта, арнайы, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 635 мыңнан астам педагог тіркелген. Оның ішінде 94 мыңнан астамы «Педагог-модератор» және «Педагог-сарапшы» санаттары бойынша аттестаттаудан өтіп жатыр.

Қазіргі таңда 66 мыңға жуық (71%) мұғалімнің аттестация қорытындысы шыққан. Алдағы уақытта өзге де біліктілік санаттары қамтылып, «Ұстаз» платформасының ауқымы кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін екені туралы жазған едік.