Жаңалықтар

Қонаевта жыл соңына дейін екі зауыт ашылады

Қонаев қаласында жыл соңына дейін екі зауыт ашылады / фото: Қонаев әкімдігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді және жаңа өнеркәсіп орындарын ашуды тапсырған болатын. Осы міндет аясында Қонаев қаласында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр.

Инвестиция көлемі артып келеді

Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері Қонаевқа 308,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында қалада бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылып отыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Қонаев қаласының 2024–2030 жылдарға арналған инвестициялық портфелінде 39 жоба бар. Оның 11-і туризмді дамытуға бағытталған. Жалпы құны – 2,4 трлн теңге. Бұл жобалар жүзеге асса, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Қала әкімі Асхат Бердіхановтың айтуынша, биылдың өзінде бірнеше ірі нысан қолданысқа берілген:

  • «Текемет» мейрамхана-қонақ үй кешені (650 млн теңге инвестиция),
  • «АСП Арена» отбасылық-ойын-сауық кешені (10,1 млрд теңге инвестиция).

Жаңа зауыттар мен әлеуметтік нысандар

Жыл соңына дейін Қонаевта екі зауыт ашылады деп жоспарлануда:

  • «Run Planet» – сусын шығаратын зауыт,
  • «Қапшағай бидай өнімдері» – май, құрама жем және ұн өндіретін кәсіпорын.

Ал 2026 жылы қалада кардиологиялық орталық пайдалануға беріледі. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Орталықта 48 орын, заманауи диагностикалық және ота кабинеттері қарастырылған.

Қала экономикасына серпін

Қазір Қонаевта 12 өндіріс орны жұмыс істейді. Олар облыс құрылғаннан бері жалпы 410,2 млрд теңгенің өнімін шығарған. Сондай-ақ тәтті жүгері таяқшаларын өндіретін «АЯМ» зауытының өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.