
Алматыда салынатын LRT желісінің ұзындығы 32,5 шақырымға созылып, қаланың батыс және шығыс бөлігін байланыстыратын болады. Бұл туралы қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша өткен жиыны кезінде айтылған.
LRT желісі
«Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында LRT, метро, BRT желілерінің құрылысы, сондай-ақ радиалды және магистральды жолдарды жүргізу жобалары қаралды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев LRT желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірленіп жатқанын айтқан. Басқарма өкілінің мәліметінше, Алатау ауданындағы индустриалды аймақта LRT депосы салынады. Депо «Алматы-2» теміржол вокзалымен байланысады.
Сонымен бірге қаланың көлік инфрақұрылымына жүктемені азайту үшін Наурызбай ауданындағы «Барлық» базарынен Құлжа тас жолы бойындағы «Шығыс» торабымен де түйіседі.
Әкімдік мәліметінше, ТЭН қазан айында аяқталады. Содан кейін EPC шарты негізінде жобалау, құрылыс және жабдық сатып алуға қатысты жұмыстар басталып, оны жүзеге асыратын мердігер анықталады.
Метро желісі
Сонымен қатар қала басшылығы жер асты көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырады. Қазіргі таңда метро желісінің «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейін ұзарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Бұл учаскеде 3 жаңа бекет салынады. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін басталмақ.
Жиында «Жібек Жолы» метро бекетінен әуежайға дейінгі екінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқаны, оның қазан айында дайын болатыны айтылған.
Бұдан бөлек үшінші желі салынады. Ол «Сайран» метро бекетінен Алатау қаласына дейін бірақ барады. Әкімдік мәліметінше, қазіргі таңда тиісті құжаттама әзірленіп жатыр.
«Қоғамдық көлікті дамыту – қала үшін басты басымдық. LRT, метро, BRT – стратегиялық жобалар. Олар сәтті жүзеге асса, қала тұрғындарының қозғалыс мүмкіндігі артып, экология жақсарады, демек өмір сапасы да көтеріледі. Біз жұмысты жеделдетуіміз керек. Әр күн қымбат. Сондықтан жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейін барлық жұмысты өз бақылауыма аламын», – деді Сатыбалды.
BRT желісі
Кеңесте Жібек Жолы – Райымбек батыр көшелерінде салынып жатқан BRT желісінің құрылыс барысы да талқыланған. Сонымен бірге «Алматы-3» теміржол вокзалысалынады. Жиында оның құрылысына дайындық барысы да тілге тиек етілген.
Бұдан бөлек магистральды әрі радиалды көшелерді жүргізу жұмыстары, Алғабас, Шұғыла, Ақжар, Боралдай, Жас-Қанат, Рахат-Мәдениет, Теректі ықшам аудандарында жол салу мәселері де қарастырылды.
«Кеңес қорытындысында Алматы әкімі барлық жобалардың мерзімін қатаң сақтауды, құрылыс пен жобалауда сапаны қамтамасыз етуді тапсырды. Әр жоба бойынша нақты мерзімі мен жауапты орындаушылары көрсетілген жол картасын әзірлеу жүктелді», – делінген баспасөз хабарламасында.