Жаңалықтар

Жетісу облысының әкімдігі 100 білім грантын бөлді: оны кімдер алды?

грант
Жетісу облысының әкімдігі өңірдегі еңбек нарығының сұранысына сәйкес, 100 білім грантын бөлді / Фото: kursiv.media архив

Жетісу облысының әкімдігі 100 білім грантын бөлді. Білім гранттары өңірдің еңбек нарығындағы сұранысын ескере отырып берілген. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Гранттар қандай мамандықтарға берілді?

«Бұл гранттар негізінен педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылығы, инженерлік және құрылыс мамандықтарына арналған», делінген баспасөз хабарламасында.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, әкімдік грантының иегерлері ҰБТ-дан жинаған балға сәйкес іріктелген. Бұл гранттар бойынша 31 педагог, 33 медицина маманы, 4 өнер саласының, 9 өсімдік шаруашылығының, 6 ауыл шаруашылығының, 2 құрылыс саласының, 3 туризм саласының, 3 қоршаған орта саласының, 3 ақпараттық технологиялар саласының, 4 өнер саласының мамандары және 5 инженер даярланып шығады.

Әкімдік грантын алғандар қандай ЖОО-да оқиды?

Әкімдік гранттары облыстағы 9 жоғары оқу орнына берілген. Олар келесідей:

  • І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті;
  • С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті;
  • Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
  • Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
  • Алматы технологиялық университеті;
  • Т.Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясы;
  • Семей медицина университеті;
  • Халықаралық білім беру корпорациясы.

«Бүгінгі таңда грант иегерлеріне арнайы сертификаттар табысталып, оларды жоғары оқу орындарына орналастыру жұмыстары жүргізілуде», – делінген облыстық білім басқарма хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімдік гранттарын мемлекеттік білім грантына ілінбегендер алған. Әкімдік талабы бойынша, жергілікті бюджет есебінен білім алған әрбір студентпен үшжақты келісімшарт жасалады. Келісімшарт бойынша, оқуды аяқтаған соң маман иесі кемінде үш жыл өз мамандығы бойынша өңірде жұмыс істеуі керек.

«Мұндай талап өңірдегі маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында енгізіліп отыр», – делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетсек, 7 тамыз күні мемлекеттік білім грантының тізімі шыққан болатын. 2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант бөлінгені хабарланды.