Қазақстан кәсіпкерлері Қырғызстан экономикасына 1,4 млрд доллар инвестиция құйған

Қазақстандық кәсіпкерлер 20 жыл ішінде Қырғызстан экономикасына 1,4 млрд доллар инвестиция құйған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингінде айтты.
Тоқаев қазақ инвесторларының қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, кәсіпкерлердің соңғы 20 жылда бұл елге 1,4 миллиард доллар инвестиция құйғанын айтты.
«Біз бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталады. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді», – деді президент.
Айта кетейік, президент Қырғызстанда ресми сапармен жүр. Бүгін, 22 тамызда Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.
Жиында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық көлемі 2 млрд долларға жеткені де айтылды.