Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық көлемі 2 млрд долларға жетті

Қырғызстанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент екі ел қатысуымен өтіп жатқан бұл кеңестің мақсаты қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейту екенін айта келе, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық сауда байланысының көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
«Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді», – деді Тоқаев.
Президент қазақ-қырғыз елінің арасында ықпалдастықты тереңдетіп, мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінетінін де жеткізді.
«Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс», – деді президент.
Ал Жапаров Қырғызстанның Қазақстанмен достық, тату көршілік сондай-ақ бекем бауырластық рухында қарым-қатынасты нығайта түсетінін атап өтті.
«Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастар нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің халықтарымыз ертеден достық пен келісімде өмір сүрді, бір-бірін қолдап отырды. Қалыптасқан татулығымыздың негізінде біз барлық мәселені бірлесе шеше аламыз деп сенемін. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіз секілді ұқсас елдер. Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген», – деді Жапаров.
Кеңес соңында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, екі ел басшылары Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесі жетінші отырысының шешімдеріне қол қойды.
Арадағы уағдаластыққа сәйкес, көрші елдер екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 млрд долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барған болатын. Бүгін, 22 тамызда екі ел президенттері келіссөз жүргізді.