«Қазақтелеком» заңнаманы бұзу дерегі бойынша тексерілмекші – БҚДА

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) «Қазақтелеком» компаниясына заңнаманы бұзу дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізбекші. Бұл туралы агенттіктің ресми сайтында жазылған.
«Қазақтелеком» заңнаманы бұзған ба?
БҚДА байланыс қызметтері нарығына талдау жасап, нәтижесінде бірқатар кедергілерді анықтаған. Нақты айтқанда, байланыс операторларыының кейбір көпқабатты тұрғын үйлерде үйдегі интернет қызметін көрсету мүмкіндігі шектелген. Агенттік мәліметінше, бұған қолданыстағы заңнамалық шектеулер негіз болған. Сонымен бірге басқа операторлардың кабельді кәріз желілеріне қосылуға техникалық шарттар туралы ақпарат алуы қиындаған.
Жергілікті монополия операторларға техникалық шарттарды ақылы негізде ғана ұсынып отырған.
«Алайда табиғи монополиялар туралы заңнамада мұндай төлем алу қарастырылмаған», – делінген агенттік хабарламасында.
Басқа операторлардың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін агенттік ұсынысымен аталаған техникалық шарттардан радиожиілік спектрін (РЖС) бөлу бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін үміткерден кемінде 6 облысты қамтитын кең ауқымды телекоммуникациялық және ұялы байланыс магистралдық желісінің болуын міндеттейтін талаптар алынып тасталған.
Монополиялық жоғары баға
Сонымен бірге агенттік байланыс операторларының сымды интернет қызметтеріне баға динамикасына да талдау жүргізіп, бірқатар олқылықтар анықтаған.
«Қазақтелеком» АҚ әрекеттерінде қызмет құнына монополиялық жоғары баға қою белгілері байқалды. Мәселен, 2024 жылы оператордың интернетке қол жеткізу тарифтерінде жылдамдығы 100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек. және 500 Мбит/сек. бағаның өсу қарқыны 20%-ға дейін жетті. Осыған байланысты қазіргі таңда Агенттік аталған операторға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеп-тексеру жүргізуде», – деп хабарлайды агенттік.
Тек сымды интернетке ғана емес, сонымен бірге ұялы байланыс қызметтерінің баға динамикасына зерттеу жүргізілген. Талдау нәтижесінде бұл саладан да монополиялық жоғары баға қою белгілерін тапқан. Солайша агенттік ұялы байланыс операторына да қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі бойынша тергеп-тексеру тағайындау мәселесін қарастырып жатыр.
Айта кетсек, 2024 жылдың мамарында «Қазақтелеком» тарифтердің қымбаттайтынын хабарлаған болатын. Сол кезде агенттік компанияны бағаларды негізсіз көтермеуге шақырған еді.
Айта кетейік, БҚДА ұялы байланыс операторларынан тариф бағаларын түсіруді талап етіп жатыр. Алайда елдің ұялы байланыс операторлары агенттік талаптарымен келіспей отыр.