Тоқаев Қырғызстан президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Қырғызстан президентін "Алтын қыран" орденімен марапаттады
Тоқаев Қырғызстан президентін «Алтын қыран» орденімен марапаттады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, – деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев марапатты тапсыру барысында, Садыр Жапаровтың Қырғызстанның дамуына қосып жатқан үлесі мен қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын, қырғыз елінің президентін нағыз көшбасшы, білікті саясаткер ретінде танитынын жеткізген.

«Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қырғыз экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың, ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік салада, ғылым-білім жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалуда. Мұның барлығы қырғыз елінің экономикасын нығайтып, халықаралық сахнадағы абырой-беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Сіздің көреген қадамдарыңыз аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Парасатты басшылығыңызбен бауырлас қырғыз жұрты бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге қазақ пен қырғыз халқының ежелден еншісі бір, салт-дәстүрі мен тарихы ортақ ел екенін атап өткен.

«Біздің тіліміз бен діліміз, атымыз бен затымыз – ұқсас. Бүгінде елдеріміз арасында өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнаған. Одақтастық рухындағы байланысымыз нығайып келеді. Қос мемлекеттің стратегиялық әріптестігі қарқынды дамып жатыр. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қосып жатсыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-қырғыз ықпалдастығы жаңа қарқын алды. Стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған тың бастамалар көтерілді. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай жаңа ортақ жобалар қолға алынды. Маңызды бастамалар қос халыққа тән шынайы бауырластықты көрсетіп, достығымызды одан әрі бекемдей түседі деп санаймын. Қазіргі алмағайып кезеңде осы ынтымағымызды күшейтудің айрықша мәні бар. Себебі, біздің мызғымас бірлігіміз – баға жетпес байлығымыз», – деді президент.

Сонымен бірге Тоқаев қырғыз ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың «Жақсы адамның белгісі – ел қамы үшін күйінер» деген сөзін еске ала отырып, Жапаровтың ел қамы үшін адал қызмет етіп жатқанын айтты.

«Сіз қырғыз елін өркендету жолында табанды еңбек етіп, халқыңызға адал қызмет етіп келесіз. Сондай-ақ халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге орасан зор еңбек сіңіріп жатсыз. Мұны барша қазақ жұрты жақсы біледі. Осыған орай, мен Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл қырғыз халқына деген ерекше құрметі мен шынайы алғысының риясыз белгісі», – деді Тоқаев.

Садыр Жапаров бұл марапатты қырғыз еліне көрсетілген сый-құрмет деп бағалап, бүкіл қазақ халқына алғысын жеткізді.

Жалпы, халықаралық қатынастарда екі ел арасын жақындатып, ынтымақтастақты нығайтуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге жоғары мемлекеттік марапаттар беру – бұрыннан бар дипломатиялық дәстүр.

Мәселен, 2024 жылы Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевті де Қазақстанның ең жоғарғы наградасы — «Алтын қыран» орденімен марапаттаған еді.

Ал 2025 жылдың шілде айында Тоқаевты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің ең жоғарғы мемлекеттік сыйлығы – «Devlet Nişanı» орденімен марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыз