Жаңалықтар

OpenAI Үндістаннан кеңсе ашуды жоспарлап отыр

Фото: OpenAI

ChatGPT чат-ботының әзірлеушісі, америкалық OpenAI компаниясы осы жылдың соңына дейін Үндістанның Дели қаласында кеңсе ашуды жоспарлап отыр.

Қазір компания жергілікті серіктестермен, үкіметпен, кәсіпорындармен, әзірлеушілермен және білім беру мекемелерімен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жергілікті команданы құруға кірісті.

Осы арқылы OpenAI Үндістандағы пайдаланушылардан кері байланыс алып, өнімдерін жергілікті аудитория үшін барынша ыңғайлы еткісі келеді. Тіпті қажет болған жағдайда елге арнап арнайы функциялар мен құралдар жасауы мүмкін екенін атап өтті.

«Алғашқы кеңсе ашу және жергілікті команданы құру – бүкіл елде озық жасанды интеллект технологияларын қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам. Біз Үндістан үшін және Үндістанмен бірге жасанды интеллект жасаймыз», – деді OpenAI басшысы Сэм Альтман.

Оның айтуынша, Үндістан компания үшін екінші ең ірі нарық саналады және жақын болашақта бірінші орынға шығуы ықтимал.

Осы аптада OpenAI Үндістанда ChatGPT чат-ботын пайдалану үшін ең қолжетімді тарифтік жоспарды таныстырды. ChatGPT Go тарифі пайдаланушыларға айына 399 рупияға (шамамен 4,57 АҚШ доллары) кеңейтілген функцияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін компания ChatGPT-5 жаңартылған нұсқасын таныстырған еді. Бұл моделді ашық кодпен зерттеушілер мен бизнеске тегін ұсынатынын да жариялады. Бұл компанияның үш жыл ішінде алғаш рет өз технологиясын ашық түрде бөлісуі.