Lifestyle

Боранбаевқа тиесілі «Целинный» орталығы қашан ашылатыны мәлім болды

Фото: "Целинный" мәдениет орталығы
Фото: «Целинный» мәдениет орталығы

5 қыркүйекте Алматы қаласында «Целинный» мәдениет орталығының ашылу салтанаты өтеді. Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жобасы алғашқы уақытта шектеулі форматта жұмыс істейді.

«Целинный» кинотеарының орнына салынған ғимарат келбетін ағылшын сәулетшісі Асиф Хан дайындаған.

«Алғашқы айларда орталық шектеулі форматта жұмыс істейді. Кейін бағдарлама кеңейіп, жұмыс уақыты да артады. Қаңтарға қарай өнер ордасы толық жұмыс істей бастайды», – деп жазылған ашылу салтанатының аңдатпасында.

Мұнда көрмелер ғана емес, дәрістер, пікір-таластар, кітап таныстыру, отбасыларға арналған воркшоптар, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылады. Бұған қоса, Barsakelmes перформансы да осында өтеді.

Олармен бір уақытта үш көрме ашылады. Гүлнәр Мұқажанова мен Дария Темірхан, Barsakelmes жобасы аясында, инсталляция ұсынады. «Көктен жерге дейін: Асиф Ханның «Целинныйы» сәулет көрмесі мен «Қазір өнер картасындағы Орталық Азия» көрмесі көрерменін асыға күтеді. Соңғысын Әсел Рәшидова дайындаған.

Осының алдында кәсіпкер Қайрат Боранбаев орталықта экскурсия өткізіп, сәулетшіге 1964 жылғы теңдессіз ғимаратты қалай сақтап қалғанын түсіндірген.

Кезінде «Целинный» кинотеатры Алматы тұрғындарының сүйікті орындарының бірі болды. Оның келбеті талай мәрте өзгерді.

2016 жылы орталықты Боранбаев сатып алды. Ғимаратты өндеу 2019 жылдың аяғында басталды. Оған Асиф Хан жетекшілік етті.

Естеріңізге сала кетейік, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев «ҚазТрансГаздың» 14,5 млрд теңгесін талан-таражға салғаны үшін алты жылға сотталған. Бірақ кейін бостандыққа шыққан. 2022 жылдың жазынан бері ол активтерін мемлекетке қайтара бастады.

2024 жылғы мамырда Боранбаев 134,5 млрд теңгенің активін қайтарған. Қазақстан үкіметі Швейцарияда бұғатталған Боранбаевтар шотындағы 100 млрд теңгеге таласпады.