Forbes тізіміндегі миллиардер көмір өнеркәсібінен дивиденд алмайды

Жарияланды 22 Тамыз 2025 15:21

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Майкөбен қоңыр көмір алқабы
Майкөбен қоңыр көмір алқабы / Фото: maikuben.kz

«Майкөбен-Вест» көмір компаниясы акционерлеріне дивиденд төлемейді. Шешім Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды. Өнеркәсіп Тимур Құлыбаев пен Шынар Елемесоваға тиесілі. Компания былтыр 1,17 млрд теңге таза пайда тапқан.

KASE-де жарияланған мәлімет бойынша, «Майкөбен-Вест» АҚ жалғыз акционердің 2025 жылғы 21 тамызындағы шешімі туралы хабарлады. Атап айтқанда, кәсіпорын иесі жай акциялар бойынша 2024 жыл үшін дивиденд төлемеу жөнінде шешім шығарды. Бұған қоса, қаржы есебін бекітті.

Компанияның жай акцияларының 100%-ы Premier Development Company-ге тиесілі. Оның 50%-ы Шынар Елемесоваға тиесілі. Қалғанына Joint Resources ие. Соңғысының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев.

Биыл мамырда «Майкубен-Вест» жылдық табысының жартысына жуығын – 520 млн теңгені уақытша қаржы көмегі ретінде бөлетіні мәлім болды. Компаниядан ол ақшаны алатын тарап жарияланбады.

«Майкубен-Вест» Майкөбен кен орнында қоңыр көмір өндіреді. Ол Павлодар облысы аумағында орналасқан. Келісімшарт 2042 жылдың күзіне дейін жарамды.

58 жастағы Тимур Құлыбаев, әйелі Динара Құлыбаевамен бірге, Forbes жаһандық миллиардерлер тізімінде 671 және 672-орындарда тұр. Олардың әрқайсының дәулеті – 5,7 млрд доллар. Олардың алдында Тимур Турлов (7,5 млрд доллар), Вячеслав Ким (7,1 млрд) тұр. Құлыбаевтардан кейінгі орынға Владимир Ким (5,7 млрд доллар) орналасты.

Сондай-ақ оқыңыз