Жаңалықтар

Қазақстан мұнайдың арзандығынан 2,8 млрд доллардан айрылды

Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның тауар экспорты 2,8 млрд долларға азайып, 36,8 млрд доллар болды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7,1%-ға төмен көрсеткіш. Мұнай, мыс және уран экспортынан түскен табыс едәуір азайды, ал бидай сату артты.

Қазақстанның мұнай экспорты қалай өзгерді

Экспорттағы қиындықтар

Мұнай – Қазақстанның басты экспорттық өнімі. Ол елдің экспорт табысының жартысынан астамын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың бірінші жартысында мұнай сату 2,5 млрд долларға (19,5 млрд долларға дейін) немесе 11,4%-ға қысқарды. Әлем нарығындағы жағдай мұнайшыларға қолайсыз болды: Brent маркасының бағасы 14,6%-ға төмендесе, қазақ мұнайының экспорттық бағасы 9,7%-ға азайды.

Дегенмен, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында шикізатты шетелге жеткізу мәселелері шешілді – жаңа нарықтар игерілді. Соның өзі одан бетер құлдыраудан сақтап қалды. Естеріңізге сала кетейік, қаңтар-наурыз айларында мұнай жеткізу 2,5 млн тоннаға немесе 14%-ға қысқарған. Азия бағытында үлкен шығынға ұшырады: Қытайға импорттау 86,4%-ға, Сингапурға сату 75,8%-ға азайды. Оңтүстік Корея, Үндістан және Бруней Қазақстан мұнайын сатып алуды толығымен тоқтатты. Оңтүстік Корея, Қызыл теңізде хуситтердің кемелерге шабуылдауына байланысты, импортты доғарды.

Кейін Қытай (–21,1%) және Сингапур (–50,2%) бағыттарындағы алшақтық азайды. Оңтүстік Корея, Үндістан және Брунейге шикізат шеткізу қайта жанданды. Қазақстан компаниялары алғаш рет Пәкістанға шикізат жөнелтті. Бұған қоса, бір жылдық үзілістен кейін Панамаға қайта оралды. Еуропа Одағы, яғни Қазақстан мұнайының шамамен 2/3-ін тұтынатын негізгі серіктес, сатып алу көлемін 3%-ға арттырды. Осы факторлардың әсерінен мұнай жеткізу көрсеткіші небәрі 1,9%-ға (35,4 млн тоннаға) қысқарды.

Бірақ экспорттың төмендеуі артық қор жиналу қаупін тудырады. Оның үстіне Теңіз кен орнында 2025 жылғы қаңтарда іске қосылған үшінші буын өндірісі жылына 12 млн тонна мұнай қосатынын ескеру керек. Қаңтар-маусым айларында мұнай өндіру 11,5%-ға өсті. Шілдеде Қазақстан Ресей мұнайынан бас тартқан Германияға экспортты арттыруды жоспарлады, ал тамызда «ҚазМұнайГаз» Хорватия арқылы Венгрияға алғашқы партияны жеткізді.

Мұнай бағасының төмендеуі

Алайда мұнай бағасының төмендеуі жағдайды ушықтырып жіберді. Тамыздың ортасына қарай 2025 жылдың қазан айы үшін мұнайдың бір баррелінің фьючерсі 66–67 доллардан саудаланып жатыр. Баға осы деңгейде қалса, онда мұнайдан түсетін табыс былтырғыдан төмен болады. Биыл республика бюджеті бір баррелді 75 доллар деп бекіткенін ескерген жөн.

Мұнайдан басқа өнімдер экспорты

Алғашқы ондық

Мұнайдан кейінгі тоғыз тауар «қара алтынмен» салыстырғанда айтарлықтай артта қалады. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында мыс катодының экспорты 239,3 млн долларға (1,6 млрд долларға дейін) немесе 13,3%-ға, мыс кендері мен қоспасы 186,3 млн долларға (1,4 млрд долларға дейін) немесе 11,5%-ға қысқарды.

Қазақ мысын көптеп сатып алушысы Қытай импортты 8,4%-ға қысқартты (Trademap деректері бойынша). Конго, Чили, Перу және Қазақстан сияқты негізгі экспорттаушылар зардап шекті.

Уран экспорты

Уран экспорттағы 10 тауар қатарына қайта оралып, бірден төртінші орынға шықты. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында уран табыс көлемі бойынша 27-орында болған. Алғашқы жарты жылда уран сату 1,3 млрд доллар болды. Бірақ бұл былтырғыдан 29,1%-ға аз.

Уран экспортының азаюы – уақытша құбылыс. Өйткені «Қазатомпромның» сату көлемі клиенттердің сұранысы мен жеткізу мерзіміне байланысты өзгеріп отырады. 2025 жылдың аяғына қарай уран экспорты артуы мүмкін.

«Қазатомпром» өндірісті 13%-ға арттырды. Уран нарығы ұзақ мерзімді келісімшарттарға негізделген. Экспорт 500 тоннаға қысқарғанымен, 2025 жылдың нәтижесі былтырға қарағанда жоғары болады.

Алғашқы ондықтағы тауарлардың тағы төртеуі бойынша экспорт табысы төмендеді: жоғары көміртекті феррохром – 58,7 млн долларға (836,1 млн долларға дейін, –6,6%), басқа да дистилляттар – 55,1 млн долларға (344,3 млн долларға дейін, –13,8%), өңделмеген мырыш – 3,3 млн долларға (289,3 млн долларға дейін, –1,1%) кеміді.

2025 жылдың алғашқы жартысындағы Қазақстан экспортындағы басты он өнім:

Дереккөз: Kursiv Research есебі, Ұлттық статистика бюросының деректері

ТауарЭкспорт ($ млн)2024 ж. 1-жартысындағы өсім ($ млн)2024 ж. 1-жартысындағы өсім қарқыныЖалпы қорытындыдағы үлес
1Шикі мұнай19 470–2 512–11%53%
2Мыс катодтары1 563–239–13%4%
3Мыс (кені және концентраты)1 435–186–11%4%
4Уран1 296–531–29%4%
5Феррохром (> 4%)836–59–7%2%
6Бидай (жұмсақ сорттар)67422249%2%
7Табиғи газ4105917%1%
8Дистилляттар (басқа)344–55–14%1%
9Өңделмеген күміс3254014%1%
10Өңделмеген мырыш (≥ 99,99%)289–3–1%1%
Барлығы36 820

Астық экспорты рекорд жаңартты

Басты себептері

Шетелге көп сатылатын он тауардың үшеуінде ғана оң динамика байқалады. Бидайдың жұмсақ сортының экспорты 222,3 млн долларға (674,2 млн долларға дейін; +49,2%), табиғи газ – 59,5 млн долларға (409,8 млн долларға дейін; +17,0%), өңделмеген күміс – 39,6 млн долларға (324,5 млн долларға дейін; +13,9%) өсті.

Ең үлкен өсім жұмсақ бидай экспортына тиесілі. Дегенмен, бидайдың қатты сортының экспорты (ҚР экспорт себетінде 35-орын) одан да жоғары қарқынмен өсті – жыл басынан бері 156,9%-ға (105,1 млн долларға дейін) артты.

Былтыр Қазақстан кейінгі 13 жылдағы ең көп астық жинады. Артық қор жиналып қалудан сақтанып, егіннің далада шіріп кетуін болдырмас үшін, үкімет 2025 жылғы наурыздан бастап шаруаларға қосымша қолдау көрсете бастады. Министрлер кеңсесі резервтен 40 млрд теңге бөлді. Оның басым бөлігі астық экспорттаушылардың көлік шығынының бір бөлігін өтеуге бағытталды.

Субсидия төлеу ережелеріне сәйкес, экспорт бағытына байланысты қолдау мөлшері тоннасына 20-30 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Басқаша айтқанда, мемлекет астықты 20-30%-ға арзандатты. Бағдарлама операторы – «Азық-түлік корпорациясы» 25 маусымда нарыққа қатысушыларға бөлінген бюджет қаражатының шегіне жеткенін, жаңа өтініш қабылдау тоқтағанын хабарлады.

Егіннің молдығы, мемлекет қолдауы арқасында Әзербайжан, Қырғызстан және Латвияға бидай экспорты күрт артты. Сонымен бірге, Қазақстаннан бидай сатып алушылар тізіміне Вьетнам, БАӘ, Ирак, Мысыр, Марокко және Алжир сияқты жаңа елдер қосылды.