Солтүстіктегі шағын ауыл Пәкістандағы 300 босқын қазақты қабылдауға әзір

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Теңдік ауылы / фото: СҚО полиция департаменті
Теңдік ауылы / фото: СҚО полиция департаменті

Солтүстік Қазақстандағы Теңдік ауылы Пәкістанда ауыр жағдайға тап болған 300 қазақты қабылдауға дайын. Шоқан есімді ауыл тұрғыны биліктен этникалық қазақтарды Теңдікке көшіруді сұрайды. Бұл туралы ZTB басылымы хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Теңдік ауылының тұрғыны Пәкістаннан Ауғанстанға жер аударылғалы жатқан 300 қазақты қабылдағысы келеді. Бірақ ол үшін Қазақстан үкіметі этникалық қазақтарды елге алдыруы тиіс.

Теңдік ауылының Шоқан есімді тұрғыны БАҚ өкілдеріне шығып, босқын атанған азаматтарға көмектескісі келетінін айтты.

«Біз оларды қабылдап, баспана мен жұмыспен қамтамасыз етуге дайынбыз. Ал балалар жергілікті мектепте оқиды. Алғашқы қыстан қиналмай шығуға көмектесеміз. Көмер мен ағаш, ет береміз», – дейді Шоқан.

Сол арқылы ол жырақтағы қандастарға көмектесіп қана қоймай, халық саны азайып бара жатқан ауылды сақтап қалғысы келеді.

«Бізде шаруашылық бар. 7 мың гектарға егін саламыз. Мал өсіреміз. Жұмыс бәріне жетеді», – дейді ауыл тұрғыны.

Шоқанның айтуынша, ауылда интернет бар, су желісіне қосылған, жолға асфальт төселген. Мәдениет үйі жөнделіп жатыр.

Теңдік ауылында бос тұрған үйлер де бар. Бірақ оларды жөндеу керек болады. Қазір бұл ауылда 350-400 адам тұрып жатыр.

Видеодан алынған скриншот: instagram.com/sairoverlan
Видеодан алынған скриншот: instagram.com/sairoverlan

Естеріңізге сала кетейік, жақында Пәкістанның Карачи қаласында тұрып жатқан 300 қазақ көмек сұрап, бейнеүндеу жолдады. Олар бес жыл бұрын Ауғанстаннан босып, осы елге өткен. Бірақ Пәкістан билігі оларды жер аударғалы жатыр.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 151 мыңнан аса этникалық қазақ оралған. Ал биыл жазда шетелде тұратын 150 қазақ баласы Бурабайда демалып, тіл мен салт-дәстүрді үйренді.

Сондай-ақ оқыңыз