
АҚШ ашық біріншілігі – US Open турнирінің іріктеу сынына қатысып жатқан қазақстандық үш теннисші жарысты аяқтады. Ал Елена Рыбакина мен Александр Бублик бірінші раундтағы қарсыластарымен танысты.
Іріктеу сыны
Үлкен дулығы санатындағы төрт ірі турнирдің бірі – US Open біріншілігінің іріктеу сыны жүріп жатыр. Қазақстан атынан қатысқан үш теннисші жарысты екінші турда аяқтады.
24 жастағы ақтаулық Бейбіт Жұқаев америкалық Закари Свайдадан жеңілді. Матч 6:3, 7:5 есебімен аяқталды. Осы ойында Бейбіт 12 мәрте эйс орындап, бір мәрте брейк жасады.
Михаил Кукушкин мен Билли Харис арасындағы матч үш сетке созылды. Жерлесіміз алғашқы партияның тайбрейгінде жеңіске жеткенімін, одан кейінгі екі сетте ұтылып қалды. Матч 7:6, 3:6, 2:6 есебімен аяқталды.
Дмитрий Попко да жарысты іріктеу сынының екінші раундында аяқтауға мәжбүр болды. Оны француз теннисшісі Уго Бланше тоқтатты. Ойын 6:3, 6:4 есебімен аяқталды.
Осылайша, іріктеу сынына қатысқан қазақстандық теннисшілердің бәрі турнирдің негізгі бәсекесіне өте алмады.
US Open жеребесі тартылды
21 тамызда кешке US Open турнирінің жеребесі тартылды. Қазақстанның бірінші теннисшісі Елена Рыбакина алғашқы раундта америкалық Хульета Парехамен кездеседі. Жарыс фавориттерінің бірі саналатын жерлесіміз ширек финалда әлемнің ең мықты теннисшісі Арина Соболенкомен кездесуі мүмкін.
Қазақстанның бірінші теннисшісі Александр Бублик осы жарыстағы жолы ауыр болғалы тұр. Америкалық серияқа қатыспаған жерлесіміз Нью-Йорктегі ірі турнирдің бірінші турында Марин Чиличпен кездеседі. Хорват теннисшісі кезінде US Open жеңімпазы атанғанын еске сала кетейік. Бублик үш раундтан сүрінбей өтсе, төртінші турда әлемнің ең мықты теннисшісі Янник Синнермен кездесуі мүмкін.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко алғашқы ойынын испан Алехандро Давидовчи-Фокинамен өткізеді. Ал Юлия Путинцева бірінші турда Элизабетта Коччареттомен кездеседі.