Жаңалықтар

Жол ережесін бұзған депутат көлік жүргізу құқығынан айырылды

Жол ережесін бұзған депутат көлік жүргізу құқығынан айырылды / фото: kursiv.media

Шымкент қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевты Әкімшілік кодекстің «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабы (590-баптың 4-бөлігімен – ред.) кінәлі деп танып, оны көлік жүргізу құқығынан 1 жылға айырып, 4 күнге қамауға қаулы шығарды.

Сот оны көрінеу жалған тіркеу нөмірімен автокөлікті басқарғаны үшін жазалаған. Іске Аманбаев және прокурор қатысқан. Сотта оның 20 тамызда Lexus LX 570 автокөлігін тексеру барысында, осы автокөлікке тағылған 777… санды мемлекеттік тіркеу нөмірі басқа автокөлікке тіркелгендігі анықталған.

«Сотта жауап беруші автокөлігіне басқа автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін інісі тағып қойғанын, байқамай көлікті басқарғанын айтып, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады. Депутаттың жауаптылығын жеңілдететін не ауырлататын мән-жайлар анықталмады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін депутаттың Шымкенттегі аэропортқа баратын Бақбаев көшесінде Lexus LX 570 маркалы көлігімен жол жүру ережесін бұзып тұрған видеосы тараған.

«Аманат» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Еркін Бабаев оның әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады. Ашық дереккөздерге қарағанда, Ерғали Аманбаев – «Қарабатыр агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты.