
Журналист, қазақ баспасөзінің белді өкілі Айгүл Аханбайқызы 53 жасқа қараған шағында дүние салды.
Айгүл Аханбайқызы 1972 жылы Жетісу облысы Ақсу ауданы Ойтоған ауылында туған.
1979 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. 1989 жылы Алматы қаласындағы Ғабит Мүсіропов атындағы №86 қазақ орта мектебін тәмамдаған.
1990-1995 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын студент кезінен бастап, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып істеген. Әр жылдары түрлі республикалық басылымдарда қызмет еткен. Оның қатарында «Жас алаш» республикалық қоғамдық-саяси газеті, «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Халық сөзі», «Егемен Қазақстан» басылымдарында бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында баспасөз қызметінің менеджері болып еңбек еткен.
Ақпарат саласының үздігі, Құрмет орденінің иегері еді.
Журналист кейінгі жылдары сырқаттанып жүрген.
KursivMedia журналистің туыстарына орны толмас қазаға байланысты көңіл айтады.