Жаңалықтар

«Қайрат» «Селтикпен» ойын қарсаңында жанкүйерлеріне үндеу жасады

«Қайрат» Селтикпен ойын қарсаңында жанкүйеріне үндеу жасады
«Қайрат» Селтикпен ойын қарсаңында жанкүйерлеріне үндеу жасады/Фото: Клубтың Instagram парақшасынан

«Қайрат» футбол клубы жанкүйерлеріне УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Қайрат» – «Селтик» қарымта матчының билеті тек клубтың ресми сайты, Ticketon платформасы мен Qairat SuperApp мобильді қосымшасы арқылы таратылатынын хабарлады.

Клуб мәліметінше, сайт пен Ticketon арқылы сатып алынған билет жанкүйерлердің электрондық поштасына тек матч күні жолданады. Ал Qairat SuperApp-та уақытша QR-код көрсетіледі әрі олар жарамсыз болып саналады.

«Шынайы бірегей QR-код ойын басталарға бірнеше сағат қалғанда автоматты түрде жаңартылады. Әлеуметтік желілерде немесе үшінші тарап ресурстарында таралған скриншоттар мен суреттер жарамсыз», – делінген хабарламада.

Клуб билеттердің алыпсатарлар арқылы қайта сатылып жатқанын көріп отырғанын, мұндай билеттердің күші жойылатынын жазды.

«Стадионға кірерде күмән туындаған жағдайда стюардтар сатып алу кезінде көрсетілген ЖСН-ды талап етіп, билет иесінің жеке басын тексере алады. Расталмаған жағдайда кіруге рұқсат берілмейді», – дейді клуб.

Матч күні клуб құқық қорғау органдарымен бірлесіп бақылауды күшейтіп, алыпсатарлыққа қарсы күресті жалғастырмақ. «Қайрат жанкүйерлерді билетті тек ресми арналар арқылы алуға шақырады.

«Қайрат» пен «Селтик» алғашқы ойында тең түскен.

Бұған дейін, «Қайрат» «Селтиктен» өтетін болса, Алматыға Еуропаның қандай клубтары келуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.