Авто

Жол-көлік оқиғасынан кейін жөнделген автокөлікті қалай анықтауға болады?

Ескі көлік сатып алғанда ескеретін факторлар / drom.ru, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Бұрын тізгінделген немесе ескі көлік сатып алу – қашан да белгілі бір тәуекелге алып келеді. Ең маңызды жайттардың бірі – көліктің бұрын жол апатына түскен-түспегенін анықтау. Апаттан кейін қалпына келтірілген көліктің жасырын ақаулары көп болуы мүмкін. Бұл кейін қаржылық шығынға немесе қауіпсіздік мәселелеріне алып келеді. Осы мақалада Kursiv.media тілшісі шанағы, салоны және құжаттары бойынша апатқа түскен көлікті қалай анықтауға болатынын анықтаудың жолдарын анықтады. 

Автокөлік шанағын, яғни сыртын мұқият тексеру керек

Бірінші кезекте бояудың түсі мен құрылымының сәйкес келмеуін қадағалаңыз. Алғашқы белгілердің бірі – көліктің әртүрлі бөліктеріндегі бояудың түсі немесе жылтырының әртүрлі деңгейде болуы. Күндіз, жарық кезде көлікті қарап шығыңыз, кейде түс айырмашылығы байқалуы мүмкін.

Екіншіден, детальдар арасындағы саңылауларға назар аударыңыз. Есіктер, капот және қанаттар арасындағы саңылауларға назар аударыңыз. Егер олар біркелкі емес немесе шамадан тыс үлкен/кіші болса – бұл жөндеудің белгісі болуы мүмкін.

Үшіншіден, дәнекерлеу іздері және жаңа болттар. Есіктердің, капоттың, жүксалғыштың ішкі бөлігін қарап шығыңыз. Жаңа дәнекерлеу іздері, жаңартылған болттар немесе боялмаған жерлер – үлкен жөндеудің белгісі.

Одан кейін салонын тексеру керек

Салонның жалпы жағдайын – орындықтар, руль, педальдар, қаптамаларды тексеріңіз. Егер тозу деңгейі көрсетілген жүріс мөлшеріне сәйкес келмесе – бұл жасырын зақымдардан хабар беруі мүмкін.

Сонымен қатар панельдер мен қаптамаларда жаңартылған немесе ауыстырылған белгілер болуы мүмкін: түсі мен материалы сәйкес келмеуі, саңылаулардың болуыда ескеретін маңызды фактор.

Көлік сатып аларда қауіпсіздік жүйелері, жастықшалар, белдіктерді де тексеріп шығу керек. Ауа жастықшалары іске қосылмаған ба, соны мұқият тексеріңіз. Арнайы индикаторлар мен қауіпсіздік белдіктерінің жағдайына да назар аударыңыз.

Құжаттар мен көлік тарихын тексеру

Келесі маңызды қадам VIN-кодты тексеру. Шанақтағы, автоның негізгі темір құрылымындағы және құжаттардағы VIN-кодтың бірдей екеніне көз жеткізіңіз. Сәйкессіздік – бөлшектердің өзгертілгенінің немесе қылмыстық әрекеттің белгісі.

Содан соң жол апаты мен жөндеу тарихына назар аудару керек. Көлік тарихы туралы есепті арнайы сервистер арқылы сұратыңыз (мысалы, Carfax, AutoCheck немесе отандық жүйелер). Онда бұрынғы апаттар, жөндеулер және сақтандыру өтемақылары туралы ақпарат болады.

Техникалық байқау

Техникалық тексерудің нәтижелерін талап етіңіз. Егер онда шанақ ақаулары немесе ескертулер көрсетілсе – абай болыңыз.

Апатқа түскен көлікті сатып алу – үлкен жауапкершілік, үлкен тәуекел. Көлікті мұқият қарап, салонын тексеріп, құжаттарын талдай отырып, жасырын мәселелерді алдын ала байқауға болады. Егер сенімсіздік болса — маманның көмегіне жүгініңіз немесе қызмет көрсету орталығында толық диагностика жасатыңыз.

Еске сала кетсек, бұған дейін Дубайда тізгінделген және соғылған көліктерді аукцион арқылы саудалау аса тартымды кәсіпке айналғанын жазған едік. Өзге елден әкелінетін сыртқы көрінісі көз тартар темір тұлпарлардың барлығы да бірдей жаңа, сапалы емес. АҚ пен БАӘ-де апаттық көліктер сақтандыру компаниясына өткізіледі, кейін жөнделіп, аукцион арқылы Қазақстан сынды елдерге сатылады.