
Денсаулық сақтау жүйесінің әрбір қатысушысы жасанды интеллектіні өзінше қабылдайды. Пациент – дәрігер ұсынымдарының қауіпсіздігі мен түсініктілігін ойлайды.
Дәрігер – ЖИ уақытты үнемдей ме, әлде жаңа қателік жібере ме, оны үйрену қиын ба деп алаңдайды. Клиника иесі – инвестиция мен шығынның өтелуін есептейді. Бағдарлама әзірлеушісі – жаңа технологияларды енгізудің күрделілігі мен болашағын саралайды. Мемлекет – масштабтауды және қоғамның сенімін бағалайды. Барлық тараптың пікірін ескермесе, кез келген жаңашылдық тұралайды: пациент деректерін өңдеуге келісім бермейді, дәрігер құралды қолданбайды, әзірлеуші басқа нарыққа кетеді, клиника бюджет бөлмейді, мемлекет үрдісті тежеуі мүмкін.
Осы және жасанды интеллектінің медицинада қолданылуының нақты мысалдары туралы Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі, медицинадағы жасанды интеллект бойынша халықаралық сарапшы Олжас Әбішев айтып берді.
Қорқыныш орнына – пайда
«Курсив»: Жасанды интеллект (ЖИ) көп адам үшін күрделі, түсініксіз, кейде қорқынышты тақырып. Кейбіреулер медицинада ЖИ туралы айтуға әлі ерте деп санайды. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Олжас Әбішев: Менің ойымша, технологиялық прогреске қарсы тұра алмаймыз. Онымен бірге дамып, пайдасын көреміз я болмаса мүлде шетте қаламыз. Қазір адам өмірін смартфонсыз елестету қиын – енді ешкімге оның қажеттілігін дәлелдеудің қажеті жоқ. ЖИ де дәл солай болады.
Мәселе – технология адам игеріп үлгергеннен жылдамырақ дамып жатыр. Ильич шамы шыққалы жүз жылдан асты, оған адамдар ондаған жылда үйренді. Ал генеративті жасанды интеллект бірнеше жылдың ішінде-ақ жарылыс жасағандай дамыды. Біз технологияларды қолдануға үйреніп үлгермейміз.
Мысалы, ChatGPT: енді оның агент функциясы бар. Сіз тапсырма бересіз, ал ол өзі ақпарат іздеп, сайттарға кіріп, деректерді өңдеп, құрылымдап, дайын есеп ұсынады. Бұл – сіздің орныңызға жұмыс істейтін көмекші сияқты. Мұндай құралдарды тиімді пайдалану үшін адамдар онымен қатынасты үйренуі керек. Бірақ басты сұрақ – біз осы өзгерістерге дер кезінде бейімделе аламыз ба…

Пациент үшін ЖИ: диагнозды чат-ботқа сеніп тапсыруға бола ма
«Курсив»: Сіз қызықты мәселені көтердіңіз. Қазір чат-боттар медициналық сұрақтарға жауап бере алады. ChatGPT дәрігерді алмастыра ала ма, әлде оны тек қосымша құрал ретінде қолданған дұрыс па?
Олжас Әбішев: Қолдануға болады, бірақ абайлау керек. Егер медициналық сұрақты контекстсіз қойсаңыз, мысалы, «басым ауырады» деп, бірақ анализ, анамнез, ауру тарихын қоспасаңыз, ЖИ қауіпті болуы мүмкін. Бұл Google-ға симптомдарды жазып, ол онкологиядан қорқытқанмен бірдей. Ал егер ChatGPT-ке амбулаторлық картаны және басқа маңызды деректерді жүктесеңіз, «галлюцинация» қаупі азайып, жауап дәлдігі артады.
Пациенттерді сауатты сұрақ қоюға және дұрыс талдау үшін қажетті құжаттарды ұсынуға үйрету керек. Бұл – біздің заманның өзекті дағдысы. Қазірдің өзінде біз пациенттерге чат-боттарды (ChatGPT, Grok, Gemini) дұрыс пайдаланып, анализдерін түсіндіруді және медициналық сұрақтарға жауап алуды үйрететін пилоттық жобаларды іске асырып жатырмыз.
«Курсив»: Сіздер науқастардың нақты деректерімен жұмыс істейсіздер. Жасанды интеллект күрделі жағдайда қалай көмектескенінің мысалын келтіре аласыз ба?
Олжас Әбішев: Қазақстанда біз жүзеге асырған бірнеше әлеуметтік жобаның нәтижелері бар. Солардың ең жарқын мысалдарының бірі – өзара асқына түсетін бірнеше ауруы бар қыз бала. Әр профильді дәрігер өз диагнозын қойғанымен, жағдайды нақты не ушықтырып тұрғаны жөнінде ортақ түсінік болмады.
Біз қыздың анасынан Денсаулық сақтау министрлігінен амбулаториялық картаны, ауру тарихын және соңғы бес жылда көрсетілген медициналық қызметтер туралы барлық мәліметті сұратуды өтіндік. Шамамен 520 Гб дерек – қыздың ауруларына қатысты ғылыми зерттеу материалдарымен бірге – біздің LLaMA 3.1 негізіндегі моделімізге жүктелді. Анасы қызының жағдайы туралы егжей-тегжейлі күнделік жүргізді: қашан оянды, өзін қалай сезінді, қандай дәрі қабылдады. Біз анасына бұл дәрігердің орнына шешім қабылдайтын құрал емес, егер дәрігер кеңесі көңілінен шықпаса, қосымша үшінші пікір ретінде ғана қарастыруға болатынын ескерттік.
2024 жылдың желтоқсанына қарай қызда күніне 4-5 эпилепсиялық ұстама болатын, себебі әлі анықталмаған еді. Қазір қыз үш апта бойы бірде-бір ұстама көрген жоқ. Дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығын айына 70 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін, яғни шамамен бес есе қысқарды, әрі жағдайының нашарлауы байқалған жоқ.
«Курсив»: Сіз жасанды интеллект емдеуді дәлірек таңдауға көмектесетінін айтып өттіңіз. COVID-19 пандемиясы кезінде біз емнің тиімсіздігі мәселесін айқын сезіндік: ол антибиотиктерді шамадан тыс тағайындаудан бастап, пайдасы жоқ дәрілердің жаппай қолданылуына дейін қамтиды. ЖИ бұл проблеманы шешуге көмектесе ала ма?
Олжас Әбішев: ДДСҰ деректеріне сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы қаражаттың 20%-дан 40%-ға дейіні тиімсіз жұмсалып, қажетсіз тағайындаулар мен процедураларға кетеді. Бұл мәселені шешу үшін біз ЖИ жұмысын екі негізгі қабатқа бөлеміз.
Бірінші қабат – дербестендіру. Үйретілген ЖИ моделі пациенттің физиологиясын және дәрілерді көтере алуын ескереді. Ол бірден көмектеспейтін дәрілерді алып тастап, ең тиімділерін ұсынады.
Екінші қабат – өзара әрекеттесуін тексеру. Қазір дәрігер 7–8 препарат тағайындағанда, олардың өзара үйлесімді не үйлесімсіз екенін әрдайым біле бермейді. Мұндай зерттеулерге орасан зор қаржы жұмсалады. Ал жасанды интеллект дәрілердің құрылымдық және фармакологиялық қасиеттерін талдап, қауіпті комбинацияларды анықтап, пациенттің жеке ерекшеліктерін ескере алады.
Соңғы уақытта көптеген фармацевтикалық компаниялар жаңа дәрілерді жасау барысында ЖИ қолданып жатыр. Бұрын жаңа препаратты жасауға 5–10 жыл кетсе, қазір бұл мерзімді бір жарым жылға дейін қысқартуға болады, ал молекула құру кезеңін бір ай-бір жарым айда аяқтауға мүмкіндік бар. Бұл – орасан зор қаржылық үнем.
Дәрігер үшін ЖИ: көмекші ме, бәсекелес пе
«Курсив»: Дәрігер деңгейіне көшейік. Дәрігерлерді жасанды интеллектіні қолдануға үйрету жөнінде не ойлайсыз? Кейбіреулер: «Бұл мен үшін емес, мен техниканы жақсы білмеймін» деп ойлауы мүмкін. ЖИ қазірдің өзінде дәрігерге қалай көмектесе алады әрі оны үйрену қаншалықты қиын?
Олжас Әбішев: Біз дәрігерлерге ЖИ туралы айта бастағанда ең бірінші «Мен жұмысымды жоғалтпаймын ба?» деген сұрақ қойылады. Біз әрдайым «жоқ, жасанды интеллект сіздің жұмысыңызды тартып алмайды» деп айтамыз. Бірақ ЖИ-мен жұмыс істей алатын дәрігер – ЖИ-ді қолданбайтын дәрігердің орнын басады. Бұл – бәсекелестік артықшылығы.
Бірінші. Қазір WhatsApp немесе Instagram қолданбайтын профессордың өзі цифрлық коммуникацияны қолданатын дәрігерден қалып қояды: соңғысының клиенттері әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал клиент қаншалықты көп болса, табыс та соншалықты жоғары.
Екінші. Жасанды интеллект көмегімен сіз күніне 20 адамға емес, мың адамға автоматты түрде кеңес бере аласыз. Науқастардың жиі қоятын, қарапайым жауаптары бар сұрақтарын жүйе өзі өңдейді, ал дәрігерге тек күрделі әрі стандарттан тыс жағдайлар жетеді. Бұл дәрігерге шынымен маңызды мәселелерге назар аударып, көбірек табыс табуға мүмкіндік береді.
Үшінші. Өткен жылы тек онкологиялық ауруларға қатысты 8 мың ғылыми мақала жарияланды. Осының бәрін оқып үлгеретін дәрігерді мен кездестірмедім, бұл мүмкін емес. ЖИ осы ақпарат тасқынын талдап, дәрігерге жеке ұсыныстар бере алады, уақытты үнемдейді. Бұл – қиял емес, біз мұны дәрігерлерге дәлелдеп жүрміз.
Төртінші. ЖИ-дің ең үлкен артықшылығы – енді мүлдем тіл кедергісі жоқ. Бұрын дәрігер ағылшын немесе қытай тіліндегі мақаланы оқу үшін аудармашы іздеп, уақыт жоғалтатын, тіпті арнайы аударма нарығы болған. Ал ЖИ көмегімен мақаланы қазақша, орысша немесе кез келген тілде оқи аласыз. ЖИ тек аударып қана қоймайды, сонымен бірге қысқаша түйін жасап, негізгісін бөліп көрсетіп, қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Бұл – уақыт үнемдеу мен білімге қолжетімділіктің жаңа деңгейі.
Бағдарлама әзірлеушілері үшін ЖИ: үш нарық – үш мәселе
«Курсив»: Қазір ЖИ үлкен көлемдегі ақпаратты тез өңдеуге көмектеседі. Медициналық жасанды интеллектті қай бағытта дамыту керек? Қандай шешімдер шынымен сұранысқа ие? Және медицинаға арналған ЖИ әзірлейтін командалар қандай қиындықтарға жиі тап болады?
Олжас Әбішев: Менің Үндістанда, Әмірліктерде және Қазақстанда жұмыс тәжірибем бар, әрі бұл үш елде ЖИ енгізу мен қолданудың мәселелері әртүрлі.
Үндістанда – халыққа шаққандағы дәрігер саны өте аз. ЖИ қашықтан кеңес беру, зертханалық деректерді талдау, рутиналық тапсырмаларды автоматтандыру үшін қажет. Біз Дели клиникасында қызметкерлердің 40%-ының жұмысын рутиналық міндеттерден пациенттермен жұмысқа қайта бөлдік.
Қазақстанда мемлекеттік клиникалар ЖИ енгізуге аса құлықты емес, өйткені ол ішкі шығындарды оңтайландырады, демек, аурухана сақтандыру қорларынан азырақ ақша алады. ЖИ жұмысының ашықтығы науқастардың нақты жағдайын және қаржылық ағымды көрсетеді – ал «суреттелген» статистиканы жасыру қиын. Бұл басшылыққа әрдайым тиімді бола бермейді. Бір науқас үшін төлемді бірден үш көзден алған жағдайлар болған, ал ЖИ мұны оңай анықтайды. Сондықтан мемлекеттік те, жекеменшік те клиникалар ашықтықтан қорқады.
Араб Әмірліктерінде мемлекет керісінше науқастар қажетсіз қызметке сирек жүгінуі үшін клиникаларды ынталандырады ЖИ енгізу тиімді: клиникалар соның арқасында көбірек қаржыландыру алады. Мұндай тәсіл жаңа технологияны медицина тиімділігін арттыруға қолдануға итермелейді.
Барлығы үшін басты қиындық – реттеу. Қазақстанда қазір Мәжілісте жасанды интеллект туралы заң талқыланып жатыр. Мен осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесімін. Өкінішке қарай, Мәжіліс медицинада автономды жасанды интеллектіні дамытуды шектейтін заңды қарастырып жатыр. Бұл мені қатты қынжылтады. Және тек мені ғана емес – топтағы 65 жасанды интеллект сарапшысының барлығы мұндай шектеулерге қарсы. Егер заң қабылданса, Қазақстан жаһандық дамудан тыс қалу қаупі бар.
Клиникаларға арналған ЖИ: шығынды қалай азайтып, қызмет сапасын қалай арттыруға болады
«Курсив»: Жасанды интеллектіні енгізу клиникаларға қандай артықшылық береді? Клиника иелері мен басшыларына оның не үшін қажет екенін қалай түсіндіресіз?
Олжас Әбішев: Бірінші мәселе – пациенттермен коммуникация. Көптеген наразы адамдар call-орталыққа қоңырау шалып, көңіл бөлуін талап етеді, шағымданады. Мұны оңай шешуге болады. Жасанды интеллект бұл жерде таптырмас құрал: оны ашуландыра алмайсыз, ол әрқашан тыңдайды, қабылдауға жазады, бәрін тіркеп отырады. Мұндай көмекші шаршамайды және сағаттап сөйлесе береді.
Екінші мәселе – пациент дәрігердің көзіне қарап, өз шағымын мұқият тыңдағанын қалайды, ал дәрігер құжат толтыруға алаңдамауға тиіс. Мұнда микрофон және сөзді танитын ЖИ орнатуға болады. Ол науқастың сөзін тыңдап, Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген хаттамаларына сай барлық медициналық құжатты бірден толтырады. Дәрігер осы уақыт бойы пациентпен сөйлеседі, ал соңында дайын мәтінді тексеріп, бекітеді. Мұндай принцип ChatGPT-де де бар: сіз сөйлейсіз, модель сөзді мәтінге айналдырады, сұраным қалыптастырады және нәтиже береді. Бұл тәсілді клиникаларға да енгізуге болады.
Үшінші мәселе – пациенттерді қайта шақыру. Қазір жеке клиникаларда мұны қолмен жасайды. ЖИ бұл процесті автоматтандырып, әр адамға жеке ұсыныс жасай алады: атымен атау, нақты дәрігерлерге (жоғары рейтингті) тексерілуге немесе кеңес алуға шақыру, ыңғайлы уақыт таңдау.
Төртінші мәселе – қателер мен есептілік. Дәрігерлердің жүктемесі жоғары, есептер жиі қате толтырылады. Айыппұл алмау үшін клиникалар тексеру бөліміне қосымша қызметкерлер жалдайды. Мұның бәрін ЖИ өз мойнына ала алады: түзетеді, толықтырады, қажетті стандартқа жеткізеді. Менің тәжірибем бойынша, ЖИ-дің қатесі адамға қарағанда 15 есе аз.
ЖИ және мемлекет: миллиардтаған теңгені қалай үнемдеуге болады
«Курсив»: ЖИ енгізу ресурстарды зор үнемдейді, жүйенің сапасы мен тиімділігін арттырады. Бұл мүмкіндіктерді мемлекеттік деңгейде пайдалануға негізгі кедергілер қандай?
Олжас Әбішев: 2018 жылдың соңында вице-министр болып жүргенімде, өз бұйрығыммен қағаз амбулаториялық карталарды жойдым, енді Қазақстан азаматтарының бәрінде жеке сәйкестендіру нөміріне байланған электронды денсаулық паспорты бар. Әрбір адам туралы барлық медициналық ақпарат цифрлық форматта сақталады, Денсаулық сақтау министрлігінің қолында орасан зор деректер массиві бар.
Қазір бұл деректер тек статистика үшін қолданылады: қанша адам ауырды, қаншасы қайтыс болды, қаншасы қазір емделуде, қанша операция жасалды. Бірақ бұл деректерді талдап, болжауға да болады: қанша дәрі, қанша төсек-орын қажет болатынын, бірнеше жылдан кейін қандай аурулар таралуы мүмкін екенін алдын ала есептеуге болады.
Мен үш айдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің кабинеттерін аралап, осы деректер негізінде жүйенің нақты қажеттілігін болжайтын өзіміз жасаған ЖИ модулін тегін енгізуді ұсынып жүрмін. Халықаралық компаниялар мұндай шешім үшін 7 млрд теңгеден жоғары сұрайды. Егер бұл модуль енгізілсе, жылына 600 млрд теңгеге (1,1 млрд доллар) дейін үнемдеуге болады – бұл қаржыны балалардың операциясына, дәрі-дәрмекті қажет ететіндерге бөлуге болады.
Ескерту: Бұл жағдай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәлімдемелерімен үндес. ЖИ мәселесіне арналған кеңесте ол денсаулық сақтау саласында диагноз қоюға, ем таңдауға және пациенттерді бақылауға қолдануға болатын орасан деректер жиналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ енгізуді бюрократия және медициналық ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы тежеп отыр, бұл қазірдің өзінде заңбұзушылықтарға әкелуде. 2024 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аудиті ірі қаржылық шығындарды анықтады. Тоқаев цифрлық тәсілдер медицина саласын анағұрлым ашық әрі тиімді ете алатынын айтты.
«Курсив»: Әлемде ұлттық биобанктер белсенді дамуда. Мысалы, британдық UK Biobank. Олар арқылы зерттеушілер мен дәрігерлер клиникалық хаттамалар мен жаңа емдеу тәсілдерін әзірлеуге қажетті ауқымды деректерге қол жеткізеді. Қазақстанда мұндай жобалар жоспарланып жатыр ма?
Олжас Әбішев: 2019 жылы ұлттық техникалық кеңестің мүшесі болып жүргенімде, Назарбаев Университетінде қазақстандықтардың электрондық картасын жасауға арналған ғылыми бағдарлама болды. 50-60 мың адамнан тұратын биобанк құрып, гендік паспорт жасау жоспарланған. Жобаға қаржы бөлінгенімен, содан бері еш нәтиже көрмедім – ашық та, жабық та дереккөздерде.
Ірі компаниялар мен мемлекеттер жаңа дәрілердің халықтың генетикалық ерекшелігіне ықпалын зерттеуге ұмтылады. Бұл фармбизнес пен ғылым үшін маңызды: препараттар әртүрлі геномдағы адамдарға қалай әсер ететінін болжауға мүмкіндік береді. Мысалы, көптеген қазақстандықтар дәріні Түркиядан немесе Ресейден тапсырыс береді, себебі олар жақсырақ әсер етеді, бәлкім бұл химиялық құрамдағы немесе әртүрлі этникалық топтардың метаболизміндегі айырмашылықтар себебінен. Кей зерттеулерде бір дәрінің әр халықта әртүрлі тиімді болатыны дәлелденген. Егер бізде толыққанды цифрлық геномдық паспорт болса, дәлелді медицинаның негізінде әлдеқайда орынды шешім қабылдар едік. Бірақ өкінішке қарай, бұл жоба әзірге жүзеге аспады.
Егер Денсаулық сақтау министрлігі қолдаса ше
«Курсив»: Ертең министрлік жобаңызды қолдаса, ары қарай не істейсіз?
Олжас Әбішев: Ең алдымен біз бұрын сынақтан өткізген моделімізді қолдануды ұсынамын – ол әлеуметтік пилоттық жобаларда көмектесті, мысалы, жасөспірім қызға қатысты жағдайда. Біз жасанды интеллект моделіміз арқылы министрлікте сақталған 2024 және 2025 жылдардағы көрсетілген медициналық қызметтерді талдап, қандай олқылықтар кеткенін анықтай аламыз.
Мысал келтірейін: біздің жобалардың бірінде қатерлі ісікпен ауырған науқастың қызы анасының барлық тексеру архивін – МРТ, КТ нәтижелері мен дәрігер қорытындыларын жүктеді. ЖИ 2024 жылдың желтоқсанындағы МРТ-суреттерден ісік белгілерін анықтады, алайда дәрігер ол кезде байқамай, қорытындыда көрсетпеген. Осындай қателерді жасанды интеллект арқылы алдын ала анықтап, болашақта қайталамауға болады.
Екінші қадам – медициналық көмектің көлемін формалды жоспарлаудан нақты деректерге негізделген болжауға көшу. Қазір министрлік ауруханалардан «қанша қызмет көрсетеміз» деген өтінімдерді жинап, оларды қосып қояды. Алайда шын мәнінде бұл көлем бірнеше есе айырмашылық көрсетуі мүмкін. Егер нақты деректерді талдайтын болсақ, шығындар мен денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерін дәлірек жоспарлауға болады. Әрине, бұл бұрынғы басшыларға «Неге мұны ертерек жасамадыңыздар?» деген сұрақ туғызады. Бірақ нақты деректерді талдауға өтпейінше, жүйе тиімді болмайды.
«Курсив»: Рақмет, біз көптеген деңгейде маңызды мәселелерді талқыладық. Жасанды интеллекттің құндылығы туралы жиі айту маңызды деп есептеймін – ол қазірдің өзінде адамдардың өмірін сақтап жатыр. Оның үстіне бізде халықаралық тәжірибе бар, соған сүйене отырып, оның жұмыс істейтініне көз жеткізе аламыз.
Олжас Әбішев: Дұрыс айтасыз. Әр технологияның өз тәуекелі бар, мінсіз ештеңе жоқ. Бірақ медицинадағы жасанды интеллекттің артықшылықтары кемшіліктерінен әлдеқайда көп. Біз минустарға емес, плюстерге баса назар аударуымыз керек – тәжірибе артқан сайын олқылықтар азая береді.
Автор: Евгений Недильский