Жолда айыппұл арқаламау үшін көлігіңізде болуы тиіс құжаттар мен жабдықтар

Қазақстанда жүргізушілердің көлігінде әрдайым болуы қажет заттар заңмен және жол қозғалысы ережелерімен реттеледі. Бұл тек заң талаптарын орындау үшін ғана емес, сонымен қатар өзіңіздің және жолдағы өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Жолға шықпас бұрын бірінші кезекте міндетті құжаттар тізімін тексеру керек
Көлікті басқару кезінде әр жүргізуші өзімен бірге жүргізуші куәлігін, көліктің тіркеу куәлігін (техпаспорт) және міндетті автосақтандыру полисін алып жүруге тиіс. Бұл талап 2014 жылғы 17 сәуірдегі №194-V Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде нақты көрсетілген. Аталған құжаттарсыз жолға шығу заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар бірінші көмек қобдишасын әзірлеу керек
Жол апаты сынды қиын жағдайлар туындаған кезде алғашқы көмек көрсету үшін көлікте дәрі-дәрмек пен медициналық құралдары бар стандартты алғашқы көмек қобдишасы болуы қажет. Оның құрамына бинт, антисептик, қайшы және басқа да алғашқы көмек көрсетуге арналған заттар кіреді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген талаптарына сай қобдишаның толық болуы жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Өрт сөндіретін баллон
Автокөлікте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарамды және тексеруден өткен от сөндіргіш болуы шарт. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт қауіпсіздігі ережелерінде әр көлік құралының иесі от сөндіргішпен қамтамасыз етілуі тиіс екені нақты көрсетілген. Бұл құрал апат немесе қысқа тұйықталу салдарынан өрт шыққан жағдайда үлкен зиянның алдын алуға көмектеседі.
Апаттық тоқтау белгісі
Жол үстінде көлігіңіз бұзылып қалса немесе төтенше жағдайда тоқтауға мәжбүр болсаңыз, арттан келе жатқан жүргізушілерді алдын ала ескерту үшін осындай тоқтау белгісін (қызыл үшбұрыш) қою міндетті. ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңының талаптарына сәйкес, бұл белгі көлік тоқтаған жерден 30 метр қашықтықта қойылады. Бұл жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды ереже.
Қыс мезгіліне арналған жабдықтар
Қазақстанда 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында қысқы шиналарды қолдану міндетті болып табылады. Бұл талап ҚР Үкіметінің 2014 жылғы №1196 қаулысымен бекітілген. Аталған кезеңде көлігінің дөңгелектерін ауыстырмаған жүргізушілерге айыппұл көзделген. Алғаш рет анықталған жағдайда оның көлемі 5 АЕК болса, ал қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері артып, 10 АЕК-ті құрайды.
Сонымен қатар, көлікте қар күрегі, жылы көрпе, қолғап, қосымша жылы киім және қысқы әйнек жууға арналған сұйықтық болуы ұсынылады. Бұл құралдар боранды, аязды күндері жолда қауіпсіздікті арттырады.