Бестерек ауылында көліктің астында қалған қыздың жағдайы белгілі болды

Абай облысының Бестерек ауылында жол-көлік апатынан жарақат алған қыз санитарлық авиациямен аудандық ауруханадан Семей қаласындағы Медициналық университет госпиталіне жеткізілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлайды.
«Жарақаттарының ауырлығына және тасымалдау кезінде өміріне төнген қауіпке байланысты баланы бірден облыс орталығына жеткізу мүмкін болмады. Дәрігерлердің тұрақты бақылауы мен тексерулерінен кейін жағдайы әуе арқылы тасымалдауға жарамды деп танылып, Семейге ауыстыру туралы шешім қабылданды,» – делінген хабарламада.
Семей медициналық университеті госпиталі дәрігерлері алғашқы күннен бастап Үржар аудандық ауруханасында балаға медициналық көмек көрсетіп, оны облыс орталығына дейін бірге алып жүрді.
«Бүгін университет госпиталінде заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен пациенттің жағдайына кешенді тексеру жүргізіліп, тиісті ем тағайындалды. Қазіргі уақытта ол анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр,» – деп атап өтті басқарма өкілдері.
19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданындағы Бестерек ауылында Toyota автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының алдында ойнап тұрған балаларды қағып кетті. Үш бала қайтыс болды, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Оның екеуі Астанадағы ауруханаға жеткізіліп, жан сақтау бөліміне жатқызылған еді.