Израиль Газа секторына тағы шабуылдап, 30 адам қайтыс болды

Израильдің жаңа әуе шабуылдары салдарынан Газа секторында 30-дан астам адам қаза тапты, олардың ішінде босқындар лагеріндегі балалар да бар. Құрбандар арасында БҰҰ ресми түрде аштық жариялаған солтүстік аймақта азық-түлік пен көмек іздегендер де болды деп жазады Euronews.
Насер ауруханасының мәліметінше, сенбі таңында Хан-Юнис маңындағы шабуылдардан кемінде 14 адам қаза тапқан, олардың жартысынан көбі – әйелдер мен балалар.
«Бүкіл Газа секторы оқтың астында… Оңтүстікте де, солтүстікте де, барлық жерде,» – деді түнгі шабуылдан екі баласынан айырылған Абу Агала Associated Press агенттігіне.
Солтүстікте, Израильмен шекарадағы Зиким өткелі маңында көмек күткен жерінен тағы бес бейбіт тұрғын оққа ұшты. Дәл осы жерде БҰҰ және басқа да ұйымдардың керуендері анклавқа кіруге рұқсат күтіп тұр.
Лондонда орналасқан Forensic Architecture тобы мен АҚШ-тағы Әлемдік бейбітшілік қоры жүргізген зерттеу Израиль армиясының көмекке қол жеткізбек болған палестиналық бейбіт тұрғындарға қарсы кемінде 64 шабуыл жасағанын растады.
Есепте айтылғандай, палестиналықтар Газа гуманитарлық қорының тарату пунктіне жету үшін орта есеппен 6 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Бұл ұйымға гуманитарлық көмекті бөлу ісін Израиль сеніп тапсырған. Жергілікті ауруханалар мен Палестина Қызыл Жарты айының дерегінше, сенбі күні тағы кемінде 10 адам көз жұмды.
Еске салайық, 21 тамызда Израиль Газа секторын басып алу операциясын бастаған.