Жаңалықтар

Маңғыстау – Ақтөбе пойызының жолсеріктері Тоқаевқа үндеу жариялады

Фото: видеодан кадр

«Otpan Logistic» компаниясына қарайтын №109 және №110 Маңғыстау – Ақтөбе бағытындағы пойыздарының жолсеріктері наразылыққа шықты. Олар еңбек жағдайына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа, «ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке және облыс әкімі Нұрдәулет Килыбайға ашық хат жолдады. Бұл туралы Lada.kz жазады.

Жолсеріктердің сөзінше, бастапқыда компания мен қызметкерлер арасындағы келісімшарт бәріне қолайлы болған, алайда кейінірек жұмысшылар әлеуметтік жеңілдіктер мен артықшылықтардың бір бөлігінен айырылған.

Әлеуметтік пакет қысқарып, пансионаттар мен тоқсандық төлемдер жойылады. Қызметкерлердің сөзінше, тіпті 109 және 110 пойыздарды тендер арқылы сату жоспарланып отыр, бірақ жолсеріктер «жекенің қолына өтуді» қаламайды. Енді қызметкерлер «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарамағына қайта өткізуді сұрап отыр.

Қазақстандықтар Маңғыстау – Ақтөбе бағыты бойынша жолаушылар тасымалы сапасына қатысты мәселені бұған дейін де көтерген еді. Бұл бағыттағы пойызға жеке меншік «Otpan Logistic» ЖШС қызмет көрсетеді.

Қазақстанның теміржол жолаушылар тасымалы нарығында 15 компания жұмыс істейді: ұлттық оператор – «Жолаушылар тасымалы» АҚ («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы) және 14 жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестік.