Жаңалықтар

Қонаевта жастар арасындағы жанжал болып, бір адамға іздеу жарияланды

Фото: бейнежазбадан кадр

Әлеуметтік желіде Қонаев қаласында болған жанжалдың видеосы тарады. Бейнежазбада көліктерге мінген жас жігіттердің өзара ерегеске дайындалып жатқанын байқауға болады.

Екі көлікпен келген жас жігіттер машинадан түсіп, жүк салғыштан әлдебір қару алып, «кездесуге» дайындалады. Оларға қарсы тарап та көлікпен келеді. Бірақ кадрден көргеніміздей, машинадан түспестен, екі адамды қағып өтеді. Оларды жолдастары көлікке салып, алып кетеді. Видеоның соңғы кадрлерінде зардап шеккен адамның бейнесі көрінді. Оның жүзінде өте ауыр жарақаттар бар, кей тұсын тіккенін байқауға болады.

Алматы облысы полициясының мәліметінше, қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Ізін суытпай екі адам қамауға алынған. Тағы бір 20 жастағы жігітке іздеу салынды. Ресми дерекке сүйенсек, жанжал тұрмыстық себептен шыққан, суық қару қолданылмаған.

Осы айда Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылында жаппай төбелес болып, бес адам жарақат алған. Бейресми ақпаратқа қарағанда, көршілер екі орам шөпке таласып қалған.