Қытайдағы чикунгунья өршуі: Қазақстан үшін қандай қауіп бар?

2025 жылдың тамызына қарай Қытайда чикунгунья безгегінің 1,3 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді. Бұл – вирустық ауру, ол кейде ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Дегенмен науқастардың басым бөлігі жазылып, өмір бойына иммунитетке ие болады. Ал Қазақстан аумағына чикунгунья тарау қаупі бар ма? Осы материалда түсіндіруге тырысамыз.
Чикунгунья дегеніміз не, қалай жұғады және қалай өтеді?
Чикунгунья – дәл осы аттас вирустың қоздыратын жұқпалы ауруы. Негізгі таралу жолы – масаның шағуы. Көбіне бұл Aedes aegypti және Aedes albopictus масалары. Олар Денге мен Зика безгектерін де тасымалдайды.
Жұғу механизмі: маса ауру адамды шағады → вирус оның асқазанына түседі → кейін сілекей бездеріне өтеді → жаңа адамды шаққанда қанға енеді.
Өте сирек жағдайларда вирус анадан балаға босану кезінде берілуі мүмкін, егер әйел дәл сол кезде жұқтырса. Бірақ емшек сүті арқылы берілмейді. Сондай-ақ ол қол алысу, жөтелу немесе түшкіру арқылы жұқпайды.
Аурудың тарихы мен таралуы
Чикунгунья қоздырғышы алғаш рет 1952 жылы Танзанияда анықталған. Кейін Азия мен Африкада да тіркелді. 2004 жылдан бастап вирустың мутациясы оны масалар арқылы тезірек таратуға мүмкіндік берді, соның салдарынан ауру әлемнің әртүрлі аймақтарына, соның ішінде Еуропаға да жетті. Қазір ол масаға қолайлы климаты бар көптеген елдерде кездеседі.
Симптомдары
Чикунгунья көбіне ауыр тұмауға (ЖРВИ) ұқсас өтеді:
- дене қызуы көтеріледі,
- бас және бұлшық еттері ауырады.
Бірақ бұған қоса буындарда қатты ауырсыну пайда болады, кейде теріге бөртпе шығады. Алғашқы белгілер әдетте жұқтырған маса шаққаннан кейін бір апта ішінде байқалады.
Көп жағдайда ауру екі аптада басылады. Бірақ буын ауруы айлар бойы сақталуы мүмкін. Науқастардың 25%-ында созылмалы артрит қалып қояды. Сирек жағдайда жүрек-қан тамыр немесе жүйке жүйесі асқынулары кездеседі. Тез жұқтырып алуға бейім топ:
- жаңа туған сәбилер,
- 40 жастан асқан адамдар,
- буын ауруларымен ауыратындар тап болады.
Иммунитет
Аурудан айыққан адамдарда өмір бойына иммунитет қалыптасады – яғни чикунгуньяға қайтадан шалдығу мүмкін емес.
Чикунгунья қайда кездеседі және ол Қазақстанға таралуы мүмкін бе?
Чикунгунья ауруы негізінен вирус тасымалдаушы масалар мекендейтін әрі вирус олардың ішінде көбейе алатын климаттық жағдайы бар өңірлерде кездеседі. Бұл, ең алдымен, тропикалық климаты бар елдер: Африка, Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия.
Кейбір аймақтарда мұндай масалар кездескенімен, климат қолайсыз болғандықтан вирус айналымға түспейді, сондықтан ондай жерлерде әдетте ауру тіркелмейді. Бірақ егер басқа елден келген жұқтырған адамды жергілікті тасымалдаушы маса шақса, ол басқа адамдарға да вирусты таратуы мүмкін. Мұндай жағдайлар сирек болады. Мысалы, биыл көктемде Францияда 800 жағдай тіркелсе, оның тек 12-сі ғана ел ішінде тараған, ол да тасымалдаушы масалар мекендейтін оңтүстікте орын алған.
Қазақстанда мұндай масалар жоқ, сондықтан ел ішінде жұқтыру қаупі болмайды. Дегенмен климаттың өзгеруі салдарынан олардың таралу аймағы кеңейіп келеді.
Инфекциялар мен денсаулық сақтау жүйелері бойынша зерттеуші Оксана Станевичтің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан үшін қауіптілік деңгейі төмен. Вирус тасымалдаушылары мұнда әлі орнықпаған, сондықтан тек саяхаттан келген жекелеген адамдарға жұғуы мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде жағдай өзгеруі ықтимал.
Климаттың жылынуы мен қыстың жұмсаруы салдарынан тасымалдаушы масалардың ареалы солтүстікке қарай жылжып барады, сондықтан елдің оңтүстігі қауіпті аймаққа айналуы мүмкін. Қытай мен Франция мысалдары көрсеткендей, жаңа жағдайлар вирустың бұрын болмаған өңірлерде де тез орнығуына жол ашады. Алайда алдағы бес жылда Қазақстанда чикунгуньяның кең таралу ықтималдығы аз, бірақ мүлде жоққа шығаруға болмайды.
Чикунгуньядан қалай қорғануға болады?
Чикунгунья вирусы көптеген тропикалық және субтропикалық елдерде үнемі айналымда жүреді. Сол жерлерде жұқтыру қаупі әрдайым бар. Бұл – Бразилия, Үндістан, Колумбия, Нигерия, Филиппин, Таиланд, Пәкістан. Сондай-ақ індет тіркелген әрі аурудың масалар арқылы таралуы байқалған елдерге барғанда абай болған жөн. Қазіргі уақытта мұндай елдерге Қытай, Кения, Сомали, Шри-Ланка және тағы басқа мемлекеттер жатады.
Чикунгуньяға қарсы нақты ем жоқ. Басқа да көптеген вирустық инфекциялар сияқты тек симптомдарын жеңілдетуге болады. Жеңіл жағдайларда дене қызуын түсіру және ауырсынуды басу үшін парацетамол беріледі. Ал ибупрофен секілді стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер ұсынылмайды, себебі олар қан кету қаупін арттырады. Ауыр жағдайда науқасты ауруханаға жатқызып, қолдау көрсететін ем жүргізіледі.
Инфекцияға қарсы вакцина бар, мысалы, АҚШ-та екі препарат қолданылады: әлсіретілген тірі вакцина (IXCHIQ) және вирусқа ұқсас бөлшектер негізінде жасалған вакцина (VIMKUNYA). Қазақстан мен Ресейде, сондай-ақ көптеген басқа елдерде бұл вакциналар тіркелмеген.
Сондықтан жалғыз қорғаныс тәсілі – індет ошағы бар аймақтарға бармау. Ал егер бару қажет болса, масадан сақтану керек: терезе мен есікте тор орнатылған бөлмелерде тұру, далада жүргенде репелленттер қолдану және мүмкіндігінше жабық киім кию.
Құрамында ДЭТА, IR3535 және икаридин бар құралдар масалардан сенімді қорғайды. Олар түрлі формада болады: кейбірін теріге жағуға, ал кейбірін тек киімге жағуға болады. Сондықтан қолданар алдында нұсқаулықты мұқият оқу қажет.