
«Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Англияда оқып келген әнші Айгүл Иманбаева сынның астында қалды. Атап айтқанда «ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын IELTS тестінің нәтижесі 3.0 бола тұра әлемнің белді университетіне қалай түскен» деп кінәлап жатыр желіде. Осы ретте Kursiv Media тілшісі еліміздің өнер һәм мәдениет саласында жүрген болашақтықтарды тізіп шықты.
12 жасында грант ұтып алған Мария Мудряк
Павлодарлық Мария Мудряк «Болашақпен» оқыған жұлдыздардың көшін бастайды десек, артық болмас. 1994 жылы дүниеге келген опера әншісінің өмір жолы өте қызық. Бес жасынан музыка мектебінің табалдырығын аттаған ол әлі күнге дейін жарқ етіп сахнада өнер көрсетіп жүр. 8 жасында музыка мектебін бітіріп, әрмен қарай музыкалық колледждің «вокал» және «фортепиано» бөліміне оқуға түседі. Тіпті 2000 жылы Гиннестің рекордтар кітабына «әлемнің ең жас әншісі» ретінде кірген. Он жасында Мария анасы екеуі Италияға көшіп кетеді. Таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында Ла Скала театрының жанындағы Жоғары музыка академиясына түседі. Марияның талабы мен өнерін жоғары балаған экс-президент Назарбаев мектеп түлектері ғана түсе алатын «Болашаққа» 12 жасар Марияның түсуіне де мұрындық болып, грант бөледі. 2005 жылы бір мезетте академияға қоса Джузеппе Верди атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түседі. «Астана операның» солисі ретінде көп еңбек сіңірді. Қазақстанды танытуға бірден-бір үлес қосты. Қазір ол Италияда тұрады. Дегенмен Қазақстанға жиі келеді. Опера әншісі ретіндегі карьерасы дүркіреп тұр. Өткен аптада ғана Қытайдағы бесінші гастролі аншлагпен өтті.
Маэстро Алан Бөрібаев
Алан Бөрібаев — әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың қызы Шолпан Жұбанованың ұлы. Әкесі — виолончелист Асқар Бөрібаев. Пианист ана мен виолончелист әкеден туған баланың музыкадан, оның ішінде классикалық музыкадан алыс болуы мүмкін емес еді деуге болатын шығар. Бала кезінен скрипка тартқан Аланды әкесі дирижерлыққа бағыттаған. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны үздік тәмамдаған соң ол Австриядағы Вена музыка және орындаушылық өнер университетіне «Болашақпен» оқуға түседі. Грантын әлдеқашан ақтап тастаған маэстро әлі күнге дейін Қазақстанды және қазақ композиторларының шығармаларын әлем сахналарында қойып, танытып жүр. Бөрібаев қазір «Астана опера» театрында бас дирижер болып қызмет етеді.
Қазақтың Моцарты — Рахат-Би Әбдісағин
Рахат-Би Әбдісағинді көпшілік қазақтың Моцартына теңеп, вундеркиндке балайды. Олай деуге негіз көп. Өйткені небәрі 18 жасында магистрлік диссертиациясын қорғаған, жеті жылдық музыка мектебін үш жылда бітірген, 12 жасынан ән жазып, алғашқы мүшелінде-ақ Құрманғазы атындағы консерватория студенті атанған. Оның жүлделі оралған байқауларын тізіп шығу мүмкін емес. Берілген атағы да көп. Мысалы «Дарын» жастар сыйлығын алған ең жас лауреат та — Рахат-Би Әбдісағин. 17 жасар кезінде «Мәдениет пен өнер саласына қосқан үлесі үшін» деген атақты тәуелсіз Қазақстан тарихында алған тұңғыш қайраткер болды. Қазір композитор және пианист «Болашақ» бағдарламасымен Шотландияда Royal Conservatoire of Scotland консерваториясында докторантурада білім алып жатыр. Былтыр қыста Глазгодағы Кафедралдық соборында The Bruce операсының әлемдік премьерасы өтті. Операны Рахат-Би Шотландиядағы консерваториядағы докторлық зерттеу жұмысы аясында жазған. Премьера күні залда аншлаг болды. Операны тыңдауға әлемнің ең беделді ғалым, өнер қайраткерлері мен журналистері келген.
Қойылымдары аншлагпен өтетін Асхат Маемиров
Танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы, профессор Асхат Маемиров та — «Болашақ» түлегі. 2008 жылы Université Sorbonne Nouvelle Paris университетіне мемлекеттік грант ұтып алған. Маемиров елімізде алғаш ашылған Astana Musical театрына көркемдік жетекші болып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгей көрсетті. Одан бөлек, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының бас директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметтерін атқарды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды. Осы уақытқа дейін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры қызметінде болды. Маемиров қойған қойылымдар үнемі аншлагпен өтеді. Тіпті кей қойылымдарға билет табу үшін жарты жылдап аңдып, күтіп жүретіндер бар. Театр режиссері ретінде «Біржан-сара», «Қыз Жібек», «Дядя Ваня», «С любимыми не расставайтесь», «Ақтастағы Ахико», «Абай-Тоғжан», «Шәмші», «Гауһартас» сынды шоқтығы биік қойылымдарды көрерменге таныстырды. Қазіргі таңда Астанадағы музыкалық жас көрермен театрының директоры болып қызмет атқарады.
Ерлі-зайыпты болашақтықтар — Мұрат пен Айсәуле
«Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ» телехикаяларын көрермен өте жылы қабылдады. Кейіннен «Міржақып. Оян, қазақ» фильмі кинотеатрдан көрсетілгенде талай қазақтың рухы оянып, жастар жағы желіде челлендж де бастап кеткені есімізде. Сондай тартымды туындының жарыққа шығуына ерлі-зайыпты Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілдаеваның сіңірген еңбегі зор. Екеуі де — «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы San-Francisco Film Academy түлегі. Мұрат Есжан – киносценарист, Айсәуле продюсер мамандығы бойынша білім алған. Елге оралғаннан кейін дебют жасап, I am going to Paris фильмін көпшілік назарына ұсынды. Одан кейінгі филмьдерін жоғарыда атап өттік. Грант туралы айтқанда Айсәуле «біз — мемлекеттің ақталған инвестициясымыз» дейді. Расында Қазақстанға келгеннен кейін шетелден алған білімін кәдеге жаратып, ел игілігіне бағыттап жүргеніне куәміз. Бүгінде бұл жұптың отбасылық MuraiPro атты компаниясы бар. Қазір де кезекті фильмдерін түсірумен айналып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әлем сахнасын бағындырған қазақстандық жұлдыздар туралы жазған едік.