Жаңалықтар

Алматыда 25 күннен кейін табылған жасөспірім қамауға алынды

Жасөспірім қамауға алынды/фото: polisia.kz

Алматыда 25 күн хабарсыз кеткен 16 жастағы жасөспірім қамауға алынды. Бұл туралы Алматы полициясы хабарлады.

Бұған дейін жасөспірімнің 28 шілдеден бері іс-түссіз кеткені хабарланды. Анасының сөзінше, ол қоқыс тастауға шығып, оралмаған.

Әйел 22 тамызда Tengrinews.kz сайтына ұлының аман-есен табылғанын айтқан. Оның сөзінше, қоқыс тастауға шыққан күні үш ер адам жасөспірімді көлікке күштеп отырғызып, Шымкентке алып кеткен. Содан кейін ұрып-соғып, күш қолданған. Кейіннен Түркістан облысына алып барған, жасөспірім сол жерде қашып кеткен.

Алматы полициясы әйелдің құқық қорғау органдарына тамыздың басында жүгінгенін растады.

«Тексеру барысында жоғалып кеткен азаматтың аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іске қатысты күдікті екені белгілі болды. Оның кәмелетке толмағанын ескере отырып, оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған. Алайда ол бұл шараны бұзып, жасырынған», – деп хабарлады полиция.

Кейін сот санкциясы өзгертіліп, қамауға алу туралы шешім қабылданды.

Полиция жасөспірімге медициналық тексеріс жүргізілгенін, денесінде ешқандай жарақат анықталмағанын мәлімдеді.

«Оны ұрлап кетті деген ақпаратқа қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Ақтау қаласының 20 жастағы тұрғыны Данияр Жақсылық Грузияда із-түссіз жоғалып кетті. Туыстары оны 18 тамыздан бері іздестіріп жатыр