
Астанада автобус апатқа ұшырады. Қала полициясының хабарлауынша, Mercedes маркалы қызметтік автобус Қабанбай батыр даңғылы бойында жол жиегінен шығып кеткен.
Полиция автобус жүргізушісі бұрылып жатқан кезде көлік рөліне ие бола алмай қалғанын мәлімдеді. Қаза тапқандар жоқ.
Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апаты салдарынан 14 адам жедел жәрдем арқылы қалалық көпсалалы стационарларға, сондай-ақ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына жеткізілді.
«Қабылдау бөлімінде барлығы салалық мамандардың тексеруінен өтті. Бірнеше адам амбулаторлық емдеуге жіберілді, ал қалғаны қосымша тексеруден өтіп жатыр», – деп хабарлады басқарма.
Дәрігерлер зардап шеккендердің басым бөлігі жеңіл жарақат алғанын айтады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 2 маусымында Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 15 адам зардап шекті. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан кейін 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған.