Жаңалықтар

Астанада екі күн бойы көшелерде қозғалыс толық тоқтатылады

Астана көшелерінде қозғалыс шектеледі/фото: shutterstock

Астанада 26-27 тамызда кей көшеде қозғалыс уақытша тоқтатылады. Бұл туралы Мемлекеттік күзет қызметі хабарлады.

«Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары кезінде қаладағы кей көшеде көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі», – делінген ақпаратта.

Дайындық іс-шаралары арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ Қарулы күштердің, оның ішінде әскери авиация мен техника ресурстарын пайдалану арқылы жүргізіледі.

Соған байланысты мекеме қала тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық дәрежедегі маңызды оқиға кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.

Бұған дейін Иордания Королінің Қазақстанға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келетіні хабарланды. Сапар барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді.