Жаңалықтар

7 жылға сотталған бухгалтер Байбектің тапсырмаларын орындағанын айтты

Айгүл Байбек басқаратын компания бухгалтері 7 жылға сотталды/фото: Дина Карамчакова

«Aray Media Group» ЖШС бухгалтері Ризагүл Махметова 281 млн теңгені жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда қорғау тарабы ол тек компанияның құрылтайшысы Айгүл Байбектің және директор Мадина Әбішеваның тапсырмаларын орындағанын айтады. Айгүл Байбек – Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің бауыры.

Адвокаттар қаражат ұрланбағанын, ақшаның бәрі мердігерлерге төлем ретінде жұмсалғанын айтады. Олардың сөзінше, мұны шот-фактуралар мен экономикалық сараптама көрсетіп отыр. Сондай-ақ сотталған Махметованың туыстары Перизат Қайраттың есімін де атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға сотталды.

Ризагүл Махметова ісі

Ризагүл Махметова Aray Media Group ЖШС бухгалтері болып 2019 жылдың мамырынан 2023 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеген. 2014 жылы құрылған бұл компания фильмдер мен мультфильмдерді қазақ тілінде дубляждаумен айналысады.

Қорғау тарабы апелляциялық шағым түсірген/фото: Дина Карамчакова

2025 жылдың шілдесінде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Махметованы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Қорғау тарабының айтуынша, бұл аударым компания құрылтайшысы Айгүл Байбектің бастамасымен жасалған. Қаражат салықты оңтайландыру мақсатында Махметованың жеке шотына түсіп, кейін мердігер ұйымдарға аударылып отырған.

«Ризагүл өз міндетін адал атқарған. Сараптама ұрлықты растаған жоқ. Барлық жұмыс орындалған, актілерге қол қойылған, мердігерлерге ақы төленген. Бірақ сот жәбірленуші тараптың уәждерін ғана назарға алды», – деді адвокат Гүлмира Шалдықова.

Қорғау тарабының ұстанымы: залал да, жәбірленуші де жоқ

Адвокаттар бірнеше жайтқа назар аударып отыр:

  • барлық қаражат мердігерлерге тауарлар мен қызметтер үшін төленген;
  • түбіртектер, шот-фактуралар мен банк құжаттары шығындардың компания мүддесіне жұмсалғанын растайды;
  • тәуелсіз сараптама ұрлықты жоққа шығарып, тек бухгалтерлік есеп жүргізудегі заңбұзушылықтарды көрсеткен;
  • мердігерлер мен тапсырыс берушілер, оның ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Махметоваға ешқандай талап қоймаған.

«Сот пен прокуратура тек айыптау актісін нотариус секілді бекітіп берді. Біз апелляциялық сот ақтайды деп үміттенеміз», – деді Шалдықова.

Перизат Қайрат ісімен қандай қатысы бар?

Сотталған Махметованың әпкесі Мөлдір Аманжолова бұл істі Перизат Қайраттың ісімен салыстырды.

«Бәріміз Перизат Қайраттың ісін білеміз, оны 10 жылға соттады, бірақ ол сотта: «сұрақты алдымен Байбекке қойыңыздар», деді. Ол кезде де, дәл бүгінгідей, қарапайым әйелдер жазаға тартылып, ықпалды адамдар жазасыз қалды», – деді Аманжолова.

Оның айтуынша, әпкесі Ризагүлдің өз үйі жоқ, жалдамалы пәтерде тұрады, несие төлейді. Сондай-ақ әпкесінің екі екі кішкентай баласы бар екенін айтты.

Қорғау тарабының сөзінше, қылмыстық істе аты аталған Айгүл Байбек пен Мадина Әбішеваның екеуі де жауапкершілікке тартылмаған.

Компания кейінгі 10 жылда бюджетке 371,2 млн теңге салық төлеген

Kompra.kz деректеріне сәйкес, компания кейінгі 10 жылда бюджетке 371,2 млн теңге аударған. Яғни, жылына орта есеппен 37 млн теңге аударылған. Алайда кей жылы бұл көрсеткіш ерекше өзгерген: мысалы, 2019 жылы 73 млн теңгеге жетсе, 2022 жылы нөлге жуықтап кеткен, ал 2023 жылы қайта күрт өсіп, 55,3 млн теңге болған. 2024 жылы төлемдер қайта төмендеп, 15,9 млн теңгені құраған.

Айта кетейік, Перизат Қайрат өзіне қатысты сот басталған кезде қор құрылтайшыларынан жауап алуды сұрап, сол сәтте Бауыржан Байбектің атын атады.