Хасан Қасымбаев сотына қатысушылардың жауабы көпшілікке жарияланбайтын болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Хасан Қасымбаев ісі Талғар сотында қаралып жатыр/фото: әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

«Хуторский» тобының басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты іс Талғарда қаралып жатыр. Алайда жәбірленушінің соттағы жауабы көпшілікке жарияланбайтын болды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

2025 жылдың 25 тамызындағы сот отырысында істі қарап жатқан судья Айнагүл Түкібаева БАҚ өкілдеріне жәбірленушілердің және процеске қатысушы басқа да азаматтардың соттағы жауабын жариялауға тыйым салды.

«Сот отырысынан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің жауабы мен сот залында түсірілген видео жарияланды. Осыған байланысты жәбірленуші мен процеске қатысушы басқа да азаматтардың сотта берген жауаптарын жариялауға сот тергеуі аяқталғанға дейін шектеу қойылды», – деді судья.

Судья бұл шектеу әлеуметтік желіде тараған жәбірленуші жауабы сотта әлі жауап бермеген куәлердің жауабына әсер етпеуі үшін енгізіліп отыр деп түсіндірген.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру (жәбірленуші жекпе-жек шебері Арман Әлімов) және бопсалау (жәбірленуші Әріпжан Тажиев) әрекетін жасады деп айыпталып отыр.

Айыптау актісіне сәйкес, оқиға 2021 жылдың жазында болған. Сол кезде жекпе-жек шебері Арман Әлімовке қару ұстаған адамдар шабуыл жасаған. Қасымбаев Әлімовтің «Қасымбаев маған авторитет емес» деген сөзіне ашуланып, оны жазаламақ болған. Қасымбаевтың тапсырмасымен бірнеше адам беттерін медициналық маскамен жауып, спортшыны дүкен маңында ұстап алып, көлікке күштеп отырғызған. Жол үстінде және Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылының сыртындағы далада оны ағаш және темір таяқтармен ұрып-соғып, ауыр жарақат салған.

Сондай-ақ оған кәсіпкер Әріпжан Тәжиевті соққыға жығып, одан 1 млн теңге талап еткен деген айып тағылған.

Сондай-ақ оқыңыз