«Росатом» басшысы Үлкендегі АЭС-ті халық 100% қолдады деп санайды

«Росатом» бас директоры Алексей Лихачев Қазақстанда АЭС салуға қатысты өткен референдум халықтың толық қолдауын көрсеткенін айтады. Бұл туралы ол қазақстандық журналист Ақмарал Баталоваға берген сұқбатында айтқан.
«Меніңше бұл Қазақстан халқының алдында жария түрде міндеттеме алу рәсімі іспеттес болды. Бұл оқиғаны осылай бағалар едім. Үлкен ауылының тұрғындары бәрі келіп, қолымды алып, «сіздерді күтеміз» деп айтты. Референдумда ол жердегілердің 100%-ға жуығы атом технологиясын салуды қолдады», – дейді ол.
Лихачев Қазақстанның атом энергетикасы саласында тәжірибесі бар екенін айтқан. Кеңес одағы кезінде Ақтаудағы БН-350 реакторы электр қуатын, жылу және ауыз суды қамтамасыз еткен. Енді ел қуатты жаңа реакторларға көшіп, 2,5 ГВт-қа дейін «жасыл» энергия өндіргелі отыр.
«Росатом» басшысының айтуынша, Үлкендегі АЭС төртінші буындағы ең заманауи әрі қауіпсіз технологияларды қолдану арқылы салынады. Ал бұл технология тек Ресейде ғана бар, дейді Лихачев.
«Кадр даярлау, техникалық қызмет көрсету, отынмен қамтамасыз ету секілді мәселелерді біз шешпейміз, бәрі Қазақстан басшылығы құзырында. Біз кез келген сценарийге дайынбыз», – дейді ол.
Сондай-ақ Лихачев ЕАЭО мен ШЫҰ аясында атом энергетикасы бойынша бірыңғай стратегия әзірлеу идеясын ұсынды, бұл арқылы Орталық Азия елдері энергетикалық жүйелерін бірлесе дамыта алады. АЭС жұмысы үшін «Росатом» 1,5-2 мың қазақстандық маман даярлайды, оның ішінде Ресей ЖОО-ларында тегін оқуға бөлінетін квоталар да бар.
Айта кетейік, 2025 жылдың 8 тамызында Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысы аясында инженерлік ізденістер жұмысы басталған. Оның барысында АЭС салуға арналған алаң таңдалады.
Содан кейін президент құрылысы ресми түрде басталған станцияның әзірге атауы жоқ екенін, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болатынын айтты.