
Жезқазған – Астана бағытындағы пойыз жүк вагонына соқтығыспау үшін тоқтауға мәжбүр болды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 24 тамыз сағат 21:38-де Қызылжар – Түйемойнақ аралығында (Жарық – Жезқазған учаскесі) болған.
«12 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан №107 жолаушылар пойызының машинисі кедергіге 300 метр қалғанда шұғыл тоқтады. Бұған жолда жүк вагонының тұрғаны себеп болған. Зардап шеккендер жоқ, кейбір жолаушы дереу тоқтау салдарынан жеңіл жарақат алды», – делінген ақпаратта.
ҚТЖ хабарлауынша, пойыз 23:14-те қайта қозғалды. Теміржол инфрақұрылымы мен локомотив зақымданбаған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ол жерде басқарма төрағасының орынбасары бастаған комиссия жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін №109 және №110 Маңғыстау – Ақтөбе бағытындағы пойыздарының жолсеріктері наразылыққа шықты.