
Композитор Бауыржан Ақтай Қазақстанның көркемдік гимнастикадан құрамасы Бразилияда өткен әлем чемпионатында өзінің «Алаш аманаты» туындысын рұхсатсыз қолданғанына наразы.
Композитордың талабы
Ол «Алаш аманаты» туындысына би қою жаттықтырушы мен хареографтың кінәсінен болған деп санайды.
«Өйткені ол кісілер белгілі бір көріністі қойған кезде анализ жасауы керек. Біз қалай, не жасаймыз, ол қойылымда не көрсетеміз, қандай шеберлікті көрсетеміз, ол образға қандай шығарма пайдаланамыз, ол шығарманның авторы тірі ме, өлі ме, тірі болса, автордың алдынан өтуі керек, өмірден қайтып кеткен болса, мирасқорларынан рұқсат алуы керек. Жаттықтырушылар мен хареогрофтар осының ешқайсысын жасамаған, алған да қоя салған. Бұл қалай сонда», – дейді ол.
Композитор шығармаларына би қойған сәттер көп болғанын, соны тоқтатқысы келетінін айтады.
«Мен шығармаларымды би қою үшін жазбаймын. Бұл менің принципім. Түсінікпен қарауларыңызды сұраймын» деген ол арызқой, пайдакүнем еместігін, біреуге бәле жағудан аулақ екенін жеткізді.
Жаттықтырушының уәжі
Жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева бұндай жағдайға бірінші рет тап болғанын, 22 жылдық тәжірибесінде түрлі музыканы қолданып, бірінші рет қарсылыққа ұшырағанын айтады. Ол «Алаш аманаты» туындысын әлемдік аренада насихаттау үшін, қазақ елінің атын шығару үшін қолданғанын атап өтті.
Композитор мен жаттықтырушы арасындағы дауды бақылап отырған желі қолданушыларының пікірі қақ айырылды. Бірі авторлық құқық тұрғысынан композитордікі дұрыс екеніне назар аударып, оның алдынан өтуі керек еді деген пікір айтса, екінші тарап «автор туындысын Қазақстан құрамасы әлемдік аренада қойып жатқанына қуанбай ма» деген сарында ой білдіреді.