Бағанашылдағы шудан кейін Алматы облысы Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Алматының әсем ауданы Бағанашылда орналасқан балалар үйінің айналасындағы шудан кейін бос тұрған Алматы облысы Білім басқармасының басшысы лауазымына Арайлым Төлеубекова тағайындалды.
Арайлым Аксубаевна 1977 жылы туған. «Басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Кейінгі жылдары Алматы облысы білім басқармасының Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.
2025 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымында қызмет еткен.
Басқарманы бұған дейін басқарған Салтанат Баспаева Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітовпен бірге Бағанашылдағы Алматы облыстық №1 балалар үйінің айналасындағы шудан кейін қызметінен кеткен. Артынша осы оқиғадан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков қызметінен босатылған.
Балалар үйі айналасындағы шу
Жалпы балалар үйінің айналасындағы даулы жағдай биылғы наурыз айында басталған. Орталық тәрбиеленушілері өздерін Алматының баспанасынан шығарып, Қонаевқа көшіргелі жатқанына қарсылық білдіріп, желіде үндеу жолдаған.
Артынша, мәселе Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен Алматы облысының әкімдігі деңгейінде шешімін тауып, балалар ешқайда көшірілмейтіні хабарланған.
Ал мамыр айында қоғамдық белсенді Юлия Нестерова тәрбиеленушілерге қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін айтқан. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенетінін жеткізген. Алайда орталық басшылығы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданғанын, белсендінің күдігі орынсыз екенін айтқан. Білім басқармасы Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында 2025 жылы орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын, мәслихат шешімін күтіп отырғанын хабарлады.
10 шілдеде тәрбиеленушілер Қонаевқа көшірілгелі жатқаны белгілі болды. Алматы облысының Білім басқармасы мұны орталық ғимаратының апаттық жағдайда екенімен байланыстырған.
Ал 21 шілде күні әкімдік тәрбиеленушілерді көшіруге тырысқанда, тәрбиеленушілер полициямен қақтығысып, мәселеге президент тоқсау салып, президент әкімшілігіне дауды тексеруді тапсырған.