
Енді құны 78 млн теңгеден жоғары тұратын пәтер сатып алғандардың есепшоты бақыланады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатында жазылған.
Құжат түсіндірмесінде, бұл жобаның «Банк шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы, сондай-ақ сыйақыны қоса алғанда, өтеу сомаларын көрсете отырып, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет туындаған, жеке тұлғаға берілген кредиттер туралы мәліметтердің нысандарын бекіту туралы» нормаларға сәйкес әзірленгені жазылған.
«Жоба мақсаты – екінші деңгейдегі банктермен активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеті туындаған жеке тұлғалардың банк шоттарының болуы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қаражаттарының қалдықтары мен қозғалысы туралы, жеке тұлғаларға берілген кредиттер туралы, сондай-ақ бір жыл ішінде құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алған жеке тұлғалардың шоттардағы қаражаттардың қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну нысанын бекіту», – делінген министрлік құжатында.
Яғни, 78 640 мың теңгеге пәтер сатып алған азаматтардың есепшоты бақыланады.
Бұл норма арқылы министрлік екінші деңгейдегі банктерден активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияны табыс ету міндеті туындаған жеке тұлғалардың шоттарындағы ақша қаражатының қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алып отырады. Бұл салық органдарының камералдық бақылауды уақтылы жүргізуіне жол ашып, жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ осындай тәсілдер арқылы министрлік бюджетке түсетін түсімдерді көбейтіп, көлеңкелі экономика үлесін қысқартуды қолға алады.
«Жоба екінші деңгейдегі банктермен активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеті туындаған жеке тұлғалардың банк шоттарының болуы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қаражаттарының қалдықтары мен қозғалысы туралы, берілген кредиттер туралы, кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді ұсыну нысанын бекіту үшін әзірленген, бұл қашықтықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді және нәтижесінде бюджетке түсетін түсімдер көлемін ұлғайту және көлеңкелі экономика үлесін қысқартуғат ықпал етеді», – делінген құжатта.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне сәйкес, қымбат пәтер, көлік және басқа жылжымайтын және жылжымалы мүлік иелері сән-салтанат салығын төлейді. Ондағы пәтер құны 450 млн теңгені құрайды.