
Еліміздің танымал продюсері Баян Алагөзова кенже қыздары — Алиса мен Алманың тұсаукесерін дүркіретіп өткізді. Сән-салтанатты шара Алматыдағы «The Ritz-Carlton Almaty» мейрамханасында өтіп, қазақ шоу-бизнесінің жұлдыздарын бір жерге жинады.
Мерекелік кешке эстрадының танымал әншілері: Мәдина Сәдуақасова, Жазира мен Жанболат, Ерке мен Райым, актриса және тележүргізуші Аша Матай, продюсер Жан Мұқанов және басқа да өнер жұлдыздары қатысты.
Кішкентай сәбилердің тұсауын Баянның үлкен қызы Айсәуле Бақытбек пен актриса Аша Матай кесті.
Қонақтар әлеуметтік желіде жылы лебіздерін арнап, екі ханшайымның алғашқы қадамына ақжарма тілектерін жеткізді. Әнші Мәдина Сәдуақасова өз жазбасында:
«Кішкентай Алиса мен Алманың алғашқы үлкен тойы @theritzcarltonalmaty мейрамханасына кірген сәттен-ақ ерекше әсер сыйлады. Холл да, зал да гүлге толы болды. Қос ханшайымның тойы ертегідегідей өтті. Осы кешке арналған әндер мен қойылымдар — бәрі өте әсерлі болды. Бұл той естен кетпес ерекше кеш болды. Қос кенже қыздарыңның алғашқы қадамы құтты болсын! Қыз аңсаған жандарға жұғысты болсын!» – деп жазды.
Тойда тілекті тек ата-аналары — Баян Алагөзова мен Тұрсын Алагөзов айтты. Олар өздерін ең бақытты ата-ана санайтынын әсем әнмен жеткізді. Сондай-ақ келесі жылы некелерінің 10 жылдығын атап өтетінін де қоса айтты.