
Ресейлік спортшы Мария Шарапова Халықаралық теннис даңқ залына енгізілді. Салтанатты рәсім 23 тамыз күні АҚШ-тың Род-Айленд штаты, Ньюпорт қаласында өтті.
Әлемнің экс-бірінші ракеткасы марапаттау сәтінде толқып, көз жасына ерік берді. Шарапова өз сөзінде:
«Теннистегі жолым оңай болған жоқ — жеңістер де, жеңілістер де болды. Әлі күнге дейін әрбір сәтті есіме алып тұрамын. Ең жарқын естеліктерім — жеңістерім. Мен өмірімді тенниске арнадым, теннис маған жаңа өмір сыйлады. Бұл керемет еді», — деді Шарапова.
Мария Шарапова кәсіби мансабында 645 жеңіске жетіп, 171 рет жеңіліс тапқан. Жекелей сында 36 титул иеленіп, жалпы табысы 39 млн долларды құрады.
Спортшы кәсіби мансабын небәрі 14 жасында, 2001 жылы бастаған. Бірнеше жылдан кейін Серена Уильямспен әлемді дүр сілкіндірген бәсекелестігімен жанкүйерлер есінде қалды.