
Вьетнам еліне қуатты «Кадзики» тайфунының жақындауына байланысты жағалау аймақтарынан 586 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Vietnam+.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, дауыл бүгін, 25 тамыз күні, Астана уақытымен сағат 14:00 шамасында Тханьхоа мен Нгеан провинцияларының аралығында құрлыққа шығуы мүмкін. Тайфун орталығына жақын аймақта желдің жылдамдығы 166–180 шақырымға дейін жетеді. Билік өкілдері су тасқыны мен көшкін қаупі барын ескертіп отыр. Әскерилер жоғары дайындық режиміне көшті, теңіз аймақтарында кеме қатынасы толық тоқтатылды.
Екі әуежай уақытша жабылып, Vietnam Airlines және Vietjet әуе компаниялары ондаған рейстерін тоқтатты. Қауіп төнген өңірлерде мектеп сабақтары да кейінге шегерілді.
Көршілес Қытайда, Хайнань аралында қызыл деңгейдегі ескерту жарияланды. Санья қаласында туристік нысандар мен қоғамдық көлік қызметі уақытша тоқтатылды. Жергілікті болжам бойынша кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері 320 мм дейін жетуі мүмкін (1 мм жауын-шашын = 1 шаршы метрге 1 литр су).
«Кадзики» соңғы жылдардағы ең қуатты тайфун саналып отыр. 2024 жылдың күзінде Вьетнамның орталық провинцияларына үлкен зиян келтірген «Яги» дауылынан кейінгі ең күшті табиғи апат деп болжанып отыр.