Электровелосипед иелері мемлекеттік нөмір алып, тіркеуден өтуге міндетті

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
электровелосипед Алматы
Электровелосипед иелері де мемлкеттік нөмір алуы керек / Фото: Алматы полициясының инстаграм парақшасынан

Электровелосипед иелері де мемлекеттік нөмір алып, тіркеуден өтуі керек. Себебі бұл көлік түрлері мопед санатына жатқызылған. Алматы қаласының полициясы электровелосипедтерді тіркеу қажет екенін түсіндіріп, ресми парақшасында видео жариялады.

Не себепті тіркеу керек?

Полиция хабарлауынша, қалада соңғы жылдары мұндай көлік түрлеріннің саны артқан. Электровелосипедтер экологиялық таза әрі қолжетімді. Бірақ азаматтар көбінде электровелосипедтерін тіркеуге асықпайды екен.

Электр көмегімен жүретін бұл велосипед түрлері өзінің техникалық сипаттамалары бойынша мопед санатына жатқызылады. Өйткені оның жылдамдығы сағатына 40–45 шақырымға дейін жетеді, әрі қуаты 400 Вт-тан жоғары. Бұл көрсеткіштер заңда белгіленген шекті мәндерден асып кетеді.

Полиция мәлімдемесі

Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция Басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, мұндай көрсеткіштермен электровелосипед автоматты түрде мопед санатына жатқызылып, оның жұүргізушілері міндетті түрде тіркеуден өтіп, техникалық паспорт, мемлекеттік нөмір және сақтандыру алуы керек.

«Азаматтардың электровелосипедтерге деген қызығушылығын түсінеміз. Алайда заңға сәйкес, қуаты 250 Вт-тан жоғары және жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын көлік құралдары мопедтер санатына жатады. Мұндай көліктерді жалпы қолданыстағы жолдарда тіркеусіз және қажетті құжаттарсыз жүргізуге болмайды. Бұл тек қауіпсіздік талаптарына ғана емес, сонымен қатар иелерінің құқықтарына да байланысты: тіркеу меншік құқығын растайды, ал ұрлық немесе жоғалған жағдайда көлік құралын заңды иесіне қайтаруды жеңілдетеді», – дейді полиция өкілі.

Айта кетсек, мопедтерді тіркеп, жүргізуші куәлігімен жүруге міндеттейтін заң жобасы 2024 жылдың күзінде қабылданған. Оған сәйкес, мопед иелері 2025 жылдың 5 сәуіріне дейін көліктерін тіркеуден өткізуі керек болған. Жалпы мұндай көлік түрлерін тіркеусіз жүргізгені үшін азаматтарға 39 320 теңге (10 АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз